Қызылорда облысы Жалағаш аудандық ауруханасында кәсіподақ ұйымының 2023 жыл қорытындысы бойынша есеп беру жиналысы өтті. Жиналысқа «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіподағы облыстық филиалының төрағасы міндетін атқарушы С.Ысқақов және филиал заңгері М.Абдрасулов , сондай-ақ аурухананың бас дәрігері Е.Мақсұтов қатысты.
Аудандық аурухананың бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Шолпан Жүрсінова есеп беру барысында кәсіподақ ұйымының жыл бойында қызметкерлер тарапынан түскен өтініштердің қарау нәтижелері, әлеуметтік қолдау шаралары, берілген материалдық көмектер, жасалған қайырымдылық шаралары, қызметкерлерді сауықтыру мәселелері мен ұжымда өткен мәдени-шаралар туралы айтты.
Аурухананың бас дәрігері Еркебұлан Мақсұтов еңбек ұжымындағы кәсіподақ ұйымының рөлі мен тараптардың ынтымақтастығы туралы айтып, кәсіподақ комитеті жұмысына оң пікір білдірді. Жиналыста облыстық салалық кәсіподақтың төрағасы міндетін атқарушы Сәулебек Ысқақов қызметкерлердің еңбек құқықтары мен медицина қызметкерлерінің мүдделерін білдіру бойынша салалық кәсіподақ тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар барысына тоқталды. Филиал заңгері Мұрат Абдрасулов кәсіподақ мүшелерінің қойылған сұрақтарына байланысты құқықтық кеңестер берді.
Комитет төрайымы Ш.Жүрсінова облыстан келген өкілдерге қызметкерлерге жеңілдікпен берілетін санаторлық шипажайлар санын көбейтуге және қызметкерлердің балаларын сауықтыруға ықпал жасауға ұсыныс білдірді. Ұсыныс салалық кәсіподақтың Кеңесі отырыстарында қаралатын болады.