Жалпыға бірдей құқықтық окыту: қызметкерлерге олардың құқықтары түсіндірілді

Түркістан облысы Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі “Әлем – құрылыс корпорациясы” құрылыс компаниясында болып, еңбек ұжымымен кездесті. Кездесудің мақсаты-Жалпыға бірдей құқықтық оқыту акциясы аясында ҚР Еңбек кодексінде бекітілген қызметкерлердің құқықтарын түсіндіру. Компанияда 26 адам жұмыс істейді, кәсіпорында кәсіподақ жоқ.

Кездесу барысында Бердіғали жұмысшыларға өндірістік жарақаттанудың алдын алу, қауіпті жағдайлардың алдын алу және жою, жеке және ұжымдық қорғау құралдарымен қамтамасыз ету бойынша кәсіподақтардың қабылдаған шаралары туралы айтып берді.

Ол 2024 жыл ҚРКФ Бас кеңесінің шешімімен “Лайықты еңбек жылы” деп жарияланғанын, оның шеңберінде еңбеккерлердің мүдделерін еңбек жағдайларын, лайықты жалақыны қамтамасыз ету, бір кәсіпорын және жалпы салалар шеңберінде әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу мәселелері бойынша одан әрі ілгерілету жоспарланғанын айтты.

Кәсіпорын қызметкерлері өз кезегінде өз мүдделерін қорғауға мүдделі екендіктерін атап өтіп, кәсіподақ ұйымына бірігу мәселелері бойынша кеңес бергені үшін кәсіподақ орталығына алғыстарын білдірді.

Сонымен қатар, Қазақстандағы құрылыс саласы ең қауіпті салалардың бірі болып табылады. Құрылыс нысандарындағы жазатайым оқиғалар статистикасы бойынша ол көшбасшылардың бестігінде.