Ақтөбе кәсіподақтары бірлескен іс-қимыл жоспарын қабылдайды

Ақтөбе Кәсіподақ орталығында Ақтөбе облысының аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Отырыс жұмысына салалық кәсіподақтар филиалдарының басшылары мен өңірдің профактиві қатысты.

Ақтөбе облысының Кәсіподақ орталығының төрағасы Алтынбек Әмірғалиев әріптестеріне ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің басшылығымен өткен ҚРКФ Бас кеңесі отырысының қорытындыларын баяндады.

“Кәсіподақтар федерациясының Бас кеңесі ағымдағы жылды Лайықты еңбек жылы деп жариялады. Біз қызметкерлерді лайықты еңбек жағдайларымен қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты күшейтеміз. Бұл жұмыс орнындағы қауіпсіздік, лайықты жалақы және тиімді әлеуметтік қолдау”, – деп атап өтті Алтынбек Әмірғалиев. Ол өңірдің кәсіподақ жетекшілерін 2025 жылға дейін ҚР Кәсіподақтар федерациясы қызметінің стратегиясын іске асыруды жандандыруға шақырды.

“Біздің алдымызда әлеуметтік әріптестік бойынша салалық және өңірлік келісімдерді жетілдіру, облыстық үшжақты комиссия қызметін жандандыру, 2030 жылға дейін Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын іске асыру міндеттері тұр. Сонымен қатар, біз еңбек қауіпсіздігі бойынша – “Халықтық бақылау”, “Vision Zero”, “ASPANS”жобаларын ілгерілетуді жалғастырамыз. Біздің жұмыс жоспарымызға үш ай сайын “Өндірістік жарақаттанудың алдын алудың бірыңғай күнін” ұйымдастыру қажет”, – деді Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы әріптестеріне.

Үйлестіру кеңесінің мүшелері қараған міндеттердің қатарында “Еңбек консультациялары” акциясы, қызметкерлер мен жұмыс берушілерге арналған жүйелі білім беру семинарлары арқылы әлеуметтік әріптестік деңгейін арттыру, ақпараттық саладағы жұмысты жандандыру бар.

Отырысқа қатысушылар әйелдердің лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру, белсенді жастарды “Келешек” жастар кеңесінің жұмысына тарту және одақішілік ҚРКФ қарауына ұсыныстар енгізу мәселелеріне ерекше назар аударды. Үйлестіру кеңесінің мүшелері алға қойылған міндеттерді іске асыру бойынша бірлескен іс-қимыл жоспарын қабылдау қажеттігін атап өтті.