Парламентаризм институтында Қазақстандағы еңбек құқығы мәселелері талқыланды

9 ақпан, жұма күні Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев Астанадағы Парламентаризм институты ұйымдастырған еңбек құқығының өзекті мәселелері бойынша дөңгелек үстел жұмысына қатысты.

Өз сөзінде Мұхтар Тінікеев еңбек заңнамасын жетілдіру жөніндегі ҚРКФ қызметі туралы айта отырып, ҚРКФ өкілдері Үкімет пен Парламент жанындағы Әлеуметтік және еңбек саласына қатысты заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс топтарының мүшелері болып табылатынын атап өтті. ҚРКФ төрағасының бірінші орынбасары Кәсіподақтар федерациясының ұсыныстарын жекелеген заңдарға енгізу жөнінде нақты мысалдар келтірді.

«ҚРКФ бастамасы бойынша ереуілдерді ұйымдастыру тәртібі жеңілдетілді, дауыс берген ұйым қызметкерлерінің дауыстарының саны үштен екісінен қатысушылардың жартысынан көбіне дейін азайды. Ұжымдық еңбек дауларын қарау бойынша мерзімдер 5 жұмыс күніне қысқартылды. Егер бұған дейін кем дегенде 33 жұмыс күні қажет болса, қазір бұл мерзім 28 жұмыс күнінен басталады. Төрелік кезеңінде өткізілуі мүмкін «Бір сағаттық ескерту ереуілі туралы» жаңа норма енгізілді. Осыған қарамастан, мәселе толық шешілмеген деп санаймыз. Еңбек кодексінің нормаларын жетілдіруді жалғастыру қажет. Ең алдымен, кәсіподақтар бар ұйымдардағы ұжымдық еңбек даулары кезінде қызметкерлердің атынан талап қоюды кәсіподақтар жүзеге асыруы керек деп санаймыз. Еңбек кодексіндегі ұжымдық еңбек дауларының рәсімі әлі де күрделі», – деді Мұхтар Тінікеев.

Ол сондай-ақ ҚР Әлеуметтік Кодексінің қабылдануына байланысты еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша әлеуметтік жәрдемақы мөлшерін ұлғайту бөлігінде Еңбек кодексіне ҚРКФ ұсыныстары қолдау тапқанын хабарлады. Жаңа нормаға сәйкес еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша әлеуметтік жәрдемақы мөлшері 25 АЕК (15 АЕК орнына) құрайды.

Сондай-ақ, ҚР Еңбек кодексіне енгізілген өзекті түзетулердің ішінде ҚРКФ «жерасты жұмыстары» ұғымын енгізуді, ауыр, зиянды және қауіпті еңбек жағдайлары бар жерасты жұмыстарымен (кеншілермен) айналысатын қызметкерлер үшін зейнеткерлік жасты төмендетуді ұсынады. Сонымен қатар, Мұхтар Тінікеевтің айтуынша, арнайы кәсіби мемлекеттік төлемнің мөлшерін республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 2,0-ден 10-на дейін ұлғайту, жерасты жұмыстарымен айналысатын азаматтардың жекелеген санаттары үшін жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы туралы Еңбек кодексінің 69-бабына Жаңа 2-1-тармақты енгізу қажет.

ҚФР ұсынысымен Заң Еңбек кодексінің 15-бабына Үкіметке ең төменгі айлық жалақыны анықтау әдістемесін әзірлеу функциясын беру бөлігінде түзету қабылдады.Қазіргі уақытта осы Әдістеменің жобасын қарау және талқылау жүріп жатыр.

Мұхтар Тінікеев атап өткендей, өзекті мәселелердің бірі Жұмыс берушінің кінәсінен қызметкерлерге жалақыны уақтылы төлемеу мәселесі болып қала береді.

ҚР ЕХӘҚМ деректері бойынша, қазіргі уақытта 1500 қызметкердің ағымдағы және мерзімі өткен берешегі 771 млн теңгені құрайды.

«Осыған байланысты біз қолданыстағы еңбек заңнамасының жалақыны уақтылы төлемеу бөлігіндегі талаптарын қатаңдататын уақыт келді деп санаймыз. Жалақы төленбегені үшін өсімпұлды мерзімі өткен әрбір күнтізбелік күн үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесінің 5 есесіне дейін көтеруді ұсынамыз. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер енгізудің уақыты келді деп есептеймін. Жалақы төлемегені үшін айыппұлды көбейтуді қарастыратын кез келді», – деп атап өтті Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары.

Еңбекақы төлеу тақырыбын жалғастыра отырып, спикер Кәсіподақтар федерациясы топ-менеджерлерді қоспағанда, кәсіпорындар мен ұйымдардың жалақысы төмен жұмыскерлері үшін жалақыны инфляция деңгейіне міндетті жыл сайынғы индекстеу туралы норманы енгізуді талап ететінін атап өтті.

«Әлеуметтік әріптестік туралы» жеке заң қабылдау қажеттілігі туындады, онда әлеуметтік диалог жүргізу үдерістерін неғұрлым егжей-тегжейлі регламенттеу, сондай-ақ жұмыскерлер (кәсіподақтар) өкілдерінің рөлін күшейту қажет. Айта кетейік, Кәсіподақтар федерациясы осы Заңның әзірленуін Бас келісім жобасына енгізуді ұсынды. Сондай – ақ, Еңбек кодексінің 155-бабында көзделген еңбек заңнамасының сақталуына қоғамдық бақылау жүргізу маңызды мәселе болып табылады, осыған байланысты Еңбек кодексінің 157-бабының 1-тармағын (Ұжымдық шарттың міндетті мазмұны) кәсіпорында осындай бақылауды жүзеге асырудың тәртібі мен шарттары туралы ережелермен толықтыру ұсынылады”, – деп атап өтті Мұхтар Тінікеев.

Қазақстандық кәсіпорындардағы өндірістік жарақаттану мен жазатайым оқиғаларға қатысты көңіл көншітпейтін жағдай да спикердің назарынан тыс қалған жоқ.

«Кәсіпорындағы өндірістік кеңес жұмыс беруші мен қызметкерлердің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарын қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен іс-қимылдарын ұйымдастыратынын ескере отырып, Еңбек кодексінің 203-бабын жұмыс берушіні өндірістік қызметті жүзеге асыратын, ірі және орта бизнес субъектілері болып табылатын ұйымдарда өндірістік кеңес құруға міндеттейтін нормамен толықтыру орынды болып көрінеді. Сондай – ақ, еңбек заңнамасының сақталуына қоғамдық бақылауды күшейту мақсатында өндірістік кеңестің шешімімен, әдетте, кәсіпорын қызметкерлері арасынан кәсіподақ ұйымының ұсынуы бойынша бекітілетін еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспектор үшін құқықтық кепілдіктер жасау ұсынылады», – деді Мұхтар Тиникеев.

Айта кету керек, дөңгелек үстел барысында еңбек құқығы мәселелерін талқылау белсенді болды.

ҚР Конституциялық сот жанындағы ғылыми-консультативтік кеңесінің мүшесі Аманжол Нұрмағамбетов Қазақстанда еңбекшілердің құқықтарын қорғаудың тиімді нормаларын қамтитын жаңа Еңбек кодексін қабылдау қажеттігін атап өтті.

Іс-шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, дөңгелек үстел жұмысының қорытындысы бойынша барлық сараптамалық бағалаулар мен ұсынымдар қаралатын болады.

Естеріңізге сала кетейік, Парламентаризм институты 2020 жылы ҚР Президентінің Іс басқармасы жанынан құрылған. Институт депутаттарға заңнамаға өзгерістер енгізу қажеттілігінің ғылыми негіздемесін, жаңа нормаларды енгізуді, заң жобаларын өздері әзірлеуді және қажеттілік бойынша қаржы-экономикалық есептерді дайындауды, сондай-ақ заңдарды іске асырудың ықтимал экономикалық, әлеуметтік, құқықтық, экологиялық салдарларының болжамдарын әзірлеуді қоса алғанда, олардың заңнамалық бастама құқығын іске асыруға жәрдемдеседі.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиаорталығы