Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада жедел жәрдем қызметкерлерінің науқасқа алғашқы көмек көрсетуге асығып, қалың қарды белден кешіп, омбылап бара жатқаны көрген жұртты сүйсінтті. Адамдар дәрігерлердің батылдығына тәнті болып, оларды ТЖМ құтқарушыларымен салыстырды және алғыстарын жаудыртты.
Бейнероликтің кейіпкерлері Хромтау ауданының “Қамқор” Ақтөбе Денсаулық сақтау кәсіподағының бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелері болды.
Бейнежазба авторы — Хромтау аудандық жәдел жәрдем станциясының көшпелі бригадасының бірінші санатты аға фельдшері Сая Рысбаева екен. Оның айтуынша, оқиға 7 ақпан күні Хромтау қаласында болды.
« Диспетчерге жүрек тұсының ауырып тұрғанын айтып шағымданған науқастан қоңырау түсті. Науқас Целинная көшесінде тұрады екен, жарты жолға дейін көлікпен жеттік. Әрі қарай 2-3 шақырым жолды жаяу жүріп өтуімізге тура келді. Қасымдағы әріптестерім Бауыржан Сұлтанханұлы мен Қайрат Берікұлына рақмет, олар қалың қарды омбылап, тізерлеп өтіп, маған жол ашып берді. Шағымданушыға электрокардиограмма жасап, дәрігерлік кеңес беріп, ұсынымдар бердік, — дейді фельдшер Сая Ыбырайқызы.
Сондай-ақ ол бұл бейнежазбаны неліктен кешігіп жеткенімізді түсіндіру мақсатында арнайы пациент пен диспетчер үшін түсіргенін де айтты. Біз мұқтаж жандарға қажетті медициналық көмек көрсеткен “Қамқор” кәсіподақ мүшелеріне алғыс айтамыз және оларды мақтан тұтамыз.