Атқарылған жұмыстар қорытындыланып, жаңа міндеттер белгіленді

Астана қаласы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің Үйлестіру кеңесінің отырысында кәсіподақ ұйымдарының 2023 жылы атқарылған жұмыстарына қорытынды жасалып, 2024 жылға арналған жоспарлар мен міндеттер белгіленді. Жиынға Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин қатысты.

«Біздің басты міндетіміз – еңбекшілердің заңды еңбек және әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғау болып табылады. Қауіпсіз еңбек жылын өткізу шеңберінде елорданың кәсіби активі қаланың кәсіпорындары мен ұйымдарында өндірістік жарақаттануды азайтуға, қолайлы еңбек жағдайларын жасауға және қызметкерлердің әл-ауқатын жақсартуға бағытталған көптеген іс-шараларды өткізді»,-деп бастады Астана қаласының Кәсіподақтар орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов.

«Өткен жылы өндірістегі жазатайым жағдайлардан 60 жұмыскер зардап шекті, оның 17-і қаза тапты. Өкінішке орай, 2023 жылы өліммен аяқталған және өндірістік жарақат саны 2022 жылдың деңгейінде сақталды. Жазатайым оқиғалардың 16-ы құрылыс ұйымдарында, 1-і зауытта болды. Өндірістік жарақат жағдайының негізгі себептеріне талдау жасайтын болсақ, өндіріс¬тегі жұ¬мыстың тиісті деңгейде ұйым¬дас¬ты¬рылмауынан, қауіпсіздік және еңбекті қорғау ережелерін сақтамаудан орын алып отыр. Сонымен қатар, өткен жылы елордада құрылыс жұмыстарының көлемі 10,7% -ға ұлғайғанын атап өткен жөн, яғни 2 557,9 мың м2 тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 40,0% -ға артық. Өндірістік жазатайым оқиғалар орын алған ұйымдар мен кәсіпорындарда кәсіподақ жоқ»,- деп атап өтті Төлеген Күнәділов.
Оның айтуынша, кәсіподақ орталығының өкілдері әлеуметтік әріптестермен бірлесіп, жылжымалы рейдтерге қатысып, еңбекті қорғау заңнамасының сақталуын, өндірістегі жұмысшыларға қолайлы жағдай жасауды тұрақты қадағалайды. Өндірістегі жазатайым оқиғаларды жасыруға жол бермеу бойынша белгілі бір жұмыстар жүргізілді.

 

Айта кетерлігі, 2023 жылдың қыркүйегінен бастап Астана қаласы Кәсіподақтар орталығының сенім телефонының нөмірі Ведомствоаралық бірыңғай ахуалдық орталығының (i-komek) пошталық тізіміне енгізілді. Енді өндірісте өндірістік жарақат алған кезде немесе жанжал жағдайында (шерулер, митингілер) Кәсіподақтар орталығының қызметкерлері дереу оқиға орнына барып, оның себептерін анықтап, қоғамдық бақылауды жүзеге асырады.

Отырыста бірқатар салалық кәсіподақ филиалдарының әлеуметтік әріптестермен бірлесіп жұмыскерлерге еңбекақыны арттыруға қол жеткізілгені айтылды.

Атап айтқанда, өткен жылы Құрылыс кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметкерлері салалық кәсіподағының «Астана» қалалық филиалының мүшелік ұйымдары ұжымдық шарттар арқылы жалақыны жыл сайынғы индекстеуді жүргізуге қол жеткізді, мысалы: «Астана су арнасы» МКК, «Астана-Зеленстрой» ЖШС, «Астана-Тазалық» ЖШС 30% -ға өсірді.


Мәдениет, туризм және спорт қызметкерлерінің салалық кәсіподағының қолдауымен балет, би ансамбльдері мен мемлекеттік цирк әртістері, сондай-ақ үрмелі аспаптар оркестрінің музыканттары мемлекеттен жаңа көмек түрін алды.Орташа айлық жалақының 60% мөлшеріндегі арнайы ақшалай төлемдерді кәсіби қызметін тоқтатқан және кемінде 20 жыл кәсіби өтілі бар сала ардагерлері ала бастады.
Ұжымдық шарт нормаларына сәйкес «Қазпошта» АҚ өндірістік персоналының жалақысы пошта қызметкерлерінің лауазымдық жалақысының деңгейіне байланысты индекстеліп, 7%-дан 25% -ға артты.
Сондай-ақ, «ҚазКөлікКәсіп» салалық кәсіподақ ұйымының бастамасымен «ҚТЖ» ҰК» АҚ басшылығы 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмысшылардың жалақысын санатына қарай 40 мың теңгеге дейін көтерді.

«2023 жылы Кәсіподақтар орталығының қызметкерлері мен кәсіподақ белсенділері еңбек қатынастары саласындағы құқықтар мен міндеттерді түсіндіру мақсатында 6000-ға жуық адам қамтылған еңбек ұжымдарында 154 кездесу ұйымдастырды»,- деп жалғастырды Төлеген Күнәділов. Соның ішінде Кәсіподақтар федерациясының басшылығының қатысуымен «Қалың қалай, бастауыш ұйым?!» акциясы аясында Астана су арнасы, Вагон сервис, Астана қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі және Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның еңбек ұжымдарында кездесу өткізілген.

Ұжымдармен кездесулерде жалақыны көтеру, еңбек жағдайын жақсарту мәселелері көтерілді. Мәселен, 2023 жылғы 12 сәуірде Астана қаласының Орталық кітапхана жүйесінің кәсіподақ ұйымымен өткен жиында кітапхана ғимараттарының техникалық жағдайы туралы мәселелер көтерілді. Мәселені шешу кәсіподақ ұйымдары мен Астана қаласы мәслихаты депутаттарының ынтымақтастығы арқасында мүмкін болды, зағиптар және нашар көретін азаматтарға арналған мамандандырылған кітапхананы, №3 және №4 балалар кітапханаларын және орталық балалар мен жасөспірімдер кітапханасын қайта жөндеу мен жаңғыртуға 185 миллион теңге бөлінді,-деді Астана қаласының Кәсіподақтар орталығының төрағасы.

Кеңес жұмысын қорытындылай келе, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин биылғы Лайықты еңбек жылы аясында еңбек жағдайлары мен әлеуметтік қорғауды жақсарту сияқты негізгі бағыттарға баса назар аударуды атап өтті.

«Кәсіподақ күші – бірлікте, бірлескен іс-қимылдардың нәтижесінде. Біз әлеуметтік серіктестермен бірге еңбек жағдайларын жақсартуды ілгерілете отырып, құқықтық сауаттылықты арттыру, кәсіби біліктілікті дамыту, кәсіподақ көшбасшыларын дайындау мақсатында күш-жігерімізді жалғастырамыз» ,-деді ҚРКФ төрағасы.

Отырыс соңында кеңес мүшелері еңбек адамының мүддесін қорғау бағытындағы бірқатар мәселелерді талқылап, өз ұсыныстарын жеткізді.