Ақтөбедегі әлеуметтік серіктестер қысқартылған жұмыскерлерді қолдау шараларын қарастырды

Ақтөбеде кәсіподақ көшбасшыларының, оның ішінде комиссияның тең төрағасының, Ақтөбе облысы Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Ізбасар Кенжебайдың қатысуымен әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі қалалық үшжақты комиссияның отырысы өтті.

Комиссия отырысы барысында үш мәселе қаралды, олардың екеуі “Синопэк” ЖШС және “Ақтөбе Фудс” ЖШС кәсіпорындары қызметкерлерінің штат санын қысқарту мәселесіне қатысты. “Синопэк” ЖШС жұмыскерлерді қысқарту жөніндегі шараның себебі жұмыс көлемінің болмауы, ал “Ақтөбе Фудс” ЖШС – де шикізаттың жоқтығы екенін атап өтті.

Жұмыс берушінің өкілдері мұндай шешімдер қабылданбаған жағдайда кәсіпорындардың өздері толығымен банкротқа ұшырап, тіпті жойылуы мүмкін екенін түсіндірді. “Синопэк” ЖШС-де қысқарту кезең-кезеңмен жүргізіледі, 15 ақпаннан бастап бірінші кезекте қаланың сыртында тұратын жұмыскерлерді қысқарту жоспарлануда, бірінші кезеңде 39 жұмыскер қысқартылады.  Ал “Ақтөбе Фудс” ЖШС 87 қызметкерді кезеңдік қысқартуды ұстанбай бірден қысқартады, бұл шешімді кәсіпорынның Ресей Федерациясынан жаңа басшылар бар деп түсіндіреді.

Бірақ нашар экономикалық жағдайға қарамастан, жұмыс берушілер жұмысшыларға екі жалақы бойынша өтемақы төлеуге, сондай-ақ жұмыс көлемі пайда болған жағдайда сол адамдарды дереу жұмысқа шақыруға міндеттенді.

Үшжақты комиссияның тең төрағасы Ізбасар Кенжебай жұмыс берушілердің өкілдеріне ескерту жасап, комиссия мүшелеріне осы мәселені қарау кезінде кәсіпорынның бірінші басшылары мен қызметкерлердің өкілдерінің олардың пікірлерін тыңдау үшін қатысу қажеттілігі туралы ұсыныс айтты.

Кәсіподақ жоқ және Ұжымдық шарт қабылданбаған “Ақтөбе Фудс” ЖШС-не келетін болсақ, Ақтөбе облысы Кәсіподақ орталығы төрағасының орынбасарының пікірінше, Комиссия мүшелері осы кәсіпорынға барып, олардың құқықтарын түсіндіру, одан әрі жұмысқа орналасуға жәрдемдесу үшін қызметкерлермен жеке кездесіп, жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем алу үшін олардың Әлеуметтік сақтандыру қорына жүгіну мүмкіндігі туралы кеңес беру қажет.

Сонымен қатар, комиссия төрағасы, Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Қуантайұлы Жұмыспен қамту орталығына қысқартуға жататын қызметкерлерді жұмысқа орналастыру және оларды қайта біліктіліктен өткізу мәселесін қарауды тапсырды. Сондай-ақ кәсіпкерлік бөліміне – аталған мәселелерді шешудің өзге де нұсқаларын қарастыру,оның ішінде кәсіпорынға қаладан тыс басқа көздерден шикізат алуға жәрдемдесу жүктелді.

Үшжақты комиссия мүшелері де 2024 жылға арналған жұмыс жоспарының жобасын қарап, бекітті.