Абай облысы кәсіподақ орталығы әлеуметтік әріптестермен-мемлекеттік органдардың өкілдерімен әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу бойынша өзара іс-қимыл мәселелері бойынша кездесуге бастамашы болды.
Кездесуге облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы А.Садырбаев, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Р.Құдайбергенова, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы А.Сұлтанова, облыстық бақылау басқармасының (еңбек инспекциясы) басшысы Ч.Аманжолов, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Д, Сағынбеков, сондай-ақ салалық кәсіподақтардың облыстық филиалдарының төрағалары қатысты.
Жиын барысында облыстық кәсіподақ орталығының төрағасы З.Исабаева 2023 жылғы желтоқсанда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Атқару комитетінің шешімімен Абай облысының кәсіподақ орталығының құрылғандығын хабарлады.
Бүгінгі таңда облыстық кәсіподақтар орталығы құрамында 55742 мүшесі бар 708 бастауыш кәсіподақ ұйымдары кіретін 9 салалық және 7 жергілікті кәсіподақ ұйымдарының жұмысын үйлестіреді.
2024 жылды ҚРКФ «Лайықты еңбек жылы» деп жариялауына байланысты кәсіподақ орталығы өндірістегі жарақаттану деңгейін төмендету, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы бұзушылықтар санын азайту бойынша Жол картасы дайындалатындығы туралы, облыстық мәслихаттың «Еңбек» тобымен бірлесіп жұмыс жүргізілетіні туралы сөз қозғалды.
Сонымен қатар, кәсіподақтар тоқсанына бір рет «Өндірістік жарақаттың алдын алу бойынша біріңғай күнін» өткізетіні аталды .
Зауреш Исабаева кәсіптік орталық әлеуметтік-экономикалық және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты өңірлік комиссияның жұмысына белсенді қатысатынын атап өтті.
Заң клиникасын, «Келешек» жастар Кеңесін құру, гендерлік саясат бойынша жұмыстарды және еңбек адамдарының құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған басқа да шараларды жүргізу жоспарланған.
Кездесуге қатысушылар 2024-2026 жылдарға арналған өңірлік келісім жобасын талқылады. Іс-шара қорытындысы бойынша әлеуметтік әріптестер тоқсан сайынғы, бірлескен отырыстарда әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеуге байланысты барлық мәселелерді қарауға келісті.