ХЕҰ: Қазақстанмен қарым-қатынас 4 маңызды бағыт бойынша құрылады

Дүйсенбі, 26 ақпанда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының орталық кеңсесінде Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша Мәскеу кеңсесінің директоры  жақында осы қызметке тұрған  Михаил Пушкин және ХЕҰ Қазақстандағы аймақтық өкілі Талғат Өміржанов іс сапарымен болды.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Гүлнара Жұмагелдиева мен ҚРКФ Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Тахмина Құбашева шетелдік әріптестермен кездесті.

ҚРКФ төрағасының орынбасары қонақтарды Федерацияның жұмысы, халықаралық деңгейдегі жетістіктері және 2024 жылға арналған жоспарлары туралы хабардар етті. Гүлнара Жұмагелдиева атап өткендей, Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы мен оның мүше ұйымдары әлеуметтік әріптестік аясында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және Парламентінің жанындағы жұмыс топтарында өкілдік ете отырып, норма шығару ісіне белсене қатысады.

Сонымен қатар, ҚРКФ мен оның мүше ұйымдары 2024-2026 жылдарға арналған Бас келісім жобасы бойынша әлеуметтік серіктестермен бірлескен жұмыс аясында қазақстандық жұмысшылардың мүдделерін ілгерілету және құқықтарын қорғау стандарттарын енгізуде. ҚРКФ Төрағасының орынбасары халықаралық стандарттарды ілгерілету бойынша кәсіподақтардың қабылдап жатқан шараларына жеке тоқталды.
Гүлнара Жұмагелдиева Халықаралық еңбек ұйымымен ынтымақтастық туралы айта келе, өзара тиімді ынтымақтастықты атап өтті. Оның айтуынша, Кәсіподақтар федерациясы ХЕҰ-мен бірлесіп бейресми және платформалық жұмыспен қамту, сондай-ақ климаттың өзгеруі процесінде кәсіподақтардың еңбек нарығындағы рөлі туралы бірнеше зерттеулер жүргізді.
«ХЕҰ-мен бірлескен зерттеулердің нәтижелері Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде көрсетілген. Халықаралық еңбек ұйымының Жұмысшылар бюросымен ынтымақтастығы нығайып келеді, соңғы уақытта он шақты аймақтық және халықаралық семинарлар мен конференциялар өткізілді», – деді Гүлнара Жұмагелдиева.
Өз кезегінде Михаил Пушкин ХЕҰ-ның Мәскеудегі кеңсесінің жұмысы және ХЕҰ мен Қазақстан арасындағы соңғы 10 жылдағы қарым-қатынастардың дамуы туралы айтты. ХЕҰ-ның Қазақстанның әлеуметтік серіктестерімен жұмысы қазіргі уақытта төрт басым бағытқа негізделген: еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау (әдістеме, еңбек инспекциясы); әлеуметтік қорғау жүйесі, 102 Конвенцияны ілгерілету; жалақы мәселесі (ХЕҰ-ның техникалық көмегі); әлеуметтік диалог (институттардың рөлін арттыру).

Тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін, Қазақстан Республикасында әзірленіп жатқан Лайықты еңбек бағдарламасының жобасын, сондай-ақ ХЕҰ-ның 131 және 186 конвенцияларын ратификациялау бойынша ҚРКФ бастамаларын талқылады.

Халықаралық сарапшы Қазақстанның әлеуметтік-еңбек саласындағы жағдайымен танысып,  құзырлы ведомстволары мен мемлекеттік органдарымен кеңесуді жоспарлап отыр.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының медиаорталығы