Көп жылдар бойы білім саласында қызмет етіп, өзінің бар білімі мен тәжірибесін қызметіне арнап, кейінгі ұрпаққа үйретудегі аға буынның еңбегі әрқашанда құрметке лайық. Осындай құрметке лайық Сайрам ауданы білім бөлімі №20 С.Сейфуллин атындағы мектеп-гимназиясының директоры қызметін атқарған Қалабаев Мұрат Алпысбайұлы бүгінгі күні зейнеткерлік жасқа жетіп отыр.
Ұлағатты ұстаз, білікті басшы Қалабаев Мұрат Алпысбайұлын құрметті зейнет жасына шығарып салу салтанатты шарада ұжым мүшелері мен көп жылдар бойы қызмет атқарған әріптестері жылы лебіздерін жеткізді.
Әріптестерінің айтуынша, Мұрат ағай білім беру саласында 40 жылдан астам уақыт тынымсыз еңбек етіп, балаларды тәрбиелеу жолындағы міндетін абыроймен атқарып, мектеп ұжымының заман талабына сай жұмыс жасауына өлшеусіз үлес қосқан білікті басшы болды.
Ұжымда орны ерекше, еңбегі ерен ұстазға “Шапағат-педагог” білім қызметкерлері жергілікті кәсіп одағының төрайымы Гульнара Тлеубердиева жүрекжарды лебізі мен ыстық ықыласын білдіріп, қуанышқа толы күнмен құттықтады. Сонымен қатар, мерейтой иесіне “Шапағат-педагог” білім қызметкерлері жергілікті кәсіподағының Алғыс хатымен марапаттап, кәсіподақ атынан қаржылай сыйлықтар тарту етті.
Кәсіби шеберлігін шыңдауда ойы мен сөзі бір жерден шығып және онысы өз әрекетінен айқын көрініп тұратын, өзі үшін емес өзгелер үшін, жас ұрпаққа және әріптестеріне, ұлтына берер пайдасын ойлаған ардақты жанға деген ыстық ықыластарын білдіріп, тілек айтқан ұжым өкілдері Қалабаев Мұрат ағайға құрмет көрсетті.