Еңбеккерлердің жалақысын көтеру ұсынылды

Бүгін  инвестиция тарту жөнінде қаланың ірі кәсіпорын басшылары, кәсіпкерлері және бизнес қауымдастығы өкілдері кездесу өткізді. Сондай ақ кездесуге Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков, қала активі, депутаттар, қоғам белсенділері және кәсіподақ өкілдері қатысты. Жиынның негізгі тақырыбы Шымкент қаласына инвестиция тарту, жұмыскерлердің жалақысын өсіру жалпы шаһарымыздың эконокмикалық жағдайы туралы сөз болды.


Кездесу барысында қала әкімі мемлекеттік қызметте келісім шартпен жұмыс істейтін мамандардын жалақысын 2023 жылы – 22 мыңға, ал 2024 жылы – 28 мың теңгеге көтергенін айтты.


Аталған жиынға арнайы шақырылған «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі атынан төраға орынбасары Жарқынбек Айдарбекұлы Құрманбек баяндама жасады. Баяндамада кәсіподақтардың төменгі жалақы мөлшерін көтерудегі жетістіктерін айта отырып, сондай ақ ең төменгі жалақы мөлшері халықаралық стандарттарға сәйкес қалыптасқан орташа жалақының 50 пайызы болуы керектігін атап өтті. Бүгінгі таңда Шымкент қаласында еңбеккерлердің орташа айлығы 270 мың тенге құрайды, яғни біздің пайымымыз бойынша төменгі жалақы деңгейі кемінде 135 мың болуы қажет.


Сонымен бірге қаламызда жұмыс жасап жатқан әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік еңбек қатынастарын реттейтін үшжақты комиссияның мекемелер мен кәсіпорындардағы ұжымдық шарттардың қабылдануына, ал бұл өз кезегінде жалақы қарыздарының өтелуіне оң септігін тигізіп жатқанын айтып өтті. Қазіргі таңда кәсіподағы бар мекемелердің 100 пайызы ұжымдық шартпен қамтылғанын және бұл мекемелерде жалақы қарыздары жоқ екенін ескерсек, қаламызда кәсіподағы жоқ кәсіпорындардың бастауыш кәсіподақ мекемелерін ашу жалақының қарыз мәселелері, көлеңкелі бизнестен арылудың бір жолы екенін айта өтті.


Кездесу соңында кәсіпкерлердің қолдауымен құрылған «Шымкент қайырымды қала» қорының таныстырылуы өтті. Қор қайырымдылық пен мәдени және рухани жобаларды іске асырумен айналысады және төтенше жағдайларда зардап шеккендерге көмек береді деп айтылды.