Түркістан облысы, Сайрам ауданындағы №50 Н.Тілендиев атындағы жалпы білім беретін мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымында кәсіподақ өкілдерінің қатысуымен еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша семинар өткізілді.
Оған «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға орынбасары Айдар Бахтыбаев, «Шапағат-педагог білім және басқа мамандықтар қызметі» жергілікті кәсіподағы бірлестігінің төрайымы Гульнар Тлеубердиева, «Оңтүстік» еңбек қауіпсіздігі бойынша оқу орталығының басшысы Султан Қалдыбаев, мектеп директоры Ләззат Ералиева және кәсіподақ активі қатысты.
Семинарда кәсіподақ мүшелеріне еңбек қатынастарын реттеу, еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігін сақтау, өндірістік жазатайым оқиғалардың, еңбек дауларының алдын-алу, еңбек адамына құқықтық көмек көрсету жөнінде мағлұматтар берілді.
Бұдан басқа, жиын барысында аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға орынбасары Айдар Бахтыбаев кәсіподақ мүшелеріне жұмысшылардың еңбек мүдделері мен құқықтарын қорғау мақсатында «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің жанынан құрылған «Татуластыру орталығы» мен «Заң клиникасы»-на қандай да бір мәселе төңірегінде заңгерлердің көмегіне жүгініп, тегін құқықтық кеңес алуға болатынын жеткізді.
Жиын соңында кәсіподақ мүшелері пікір алмасып, өз ойларында жүрген сұрақтарын қойып, оларға тиісті жауаптарын алды.