Павлодардағы «Ұлы дала» халықарлық этнофестивалінің үшінші күнінде 12 ұлттық спорт түрінен өткен жарыстың жеңімпаздары анықталды. Жалпы теңге алу, аударыспақ, күрес сынды ұлттық спорттың 12 түрінен бәсеке өткізілді. Жарыстардың арасында жұрт назарын аудартқаны – «тас көтеру» болды. 300 келі тартатын тасты 15-тен астам адам амалын жасаса да көтере алмады. Соңында Павлодар облысының белгілі палуаны Дархан Жоламанов қана ауыр тасты көтеріп, ҚР кәсіподақтар Федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайымның тіккен жүлдесі – 150 мың теңгеге ие болды. – Менің алдымда тасты көтеріп көрмек болғандардың әдісін қарап отырдым. Содан кейін өзімнің тасты көтере алатыныма сенімді болдым. Тасты құшақтап көтердім. Өзіме тарта отырып, белдің, аяқтың күшіне салдым, – деді халықаралық дәрежедегі спорт шебері Дархан Жоламанов. Ал, аударыспақтан үміткерлер 80 келі және 80 келіден жоғары салмақтағылар болып екі топқа бөлінді. Әр топтан 20 адам күш сынасты. 80 келіге дейінгілер арасында ақтоғайлық Бауыржан Ахметов бірінші орын иеленді. 80 келіден жоғары салмақ дәрежесінде Качир ауданының өкілі Мәдениет Букаев қарсыластарын атынан аударып тастады. Жеңімпаз атанғандарға ҚР кәсіподақтар Федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым тағайындаған 100 мың теңгелік жүлде табысталды.