«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамының 350 ге жуық жұмысшылары,яғни кәсіподақ мүшелері су тасқынына ұшыраған «Шұбарши», «Құмсай», Жағабұлақ, Шеңгелши, Қожасай , Оймауыт ауылдарының тұрғындарына жан-жақты қолдау жасады.
Су тасқыны апатына қарсы күреске акционерлік қоғам тарапынан көптеген арнайы ауыр техника, жолаушылар көлігі іске қосылды.
АҚ-ның техникалық базасындағы Т-170 экскаваторы, «KOMATSU» тас түйгіші, КамАз көліктері, жылжымалы айдағыш қондырғылары, жол талғамайтын вахталық көліктер, тіпті, автокран сияқты алып техникалар да тасқынға қарсы тосқауыл көпір жасап, жыра қазу, топырақ үйю, қорған салу т.с.с қауырт шаруаларға кең қолданылды.
«Ақтөбе – Жем – Жаңажол» бағытындағы №6964/6963 қала маңы аралық вахталық пойызымен Бірлік, Жем, Қандағаш және Ақтөбе станцияларына 220 астам ауыл тұрғыны тасымалданды.
«Жаңажол» вахталық поселкесіндегі мұнайшылардың соңғы үлгіде тұрғызылған жайлы жатақханасына Жағабұлақ ауылынан 188 тұрғын, жеткізіліп, уақытша орналастырылды. Оларға арналып қоғамдық тамақтандыру басқармасы 3 мезгілдік арнаулы ас-ауқат мәзірін дайындады. Тұрмыстық қажеттіліктің барлығы қанаттандырылған. Тұрақты дәрігерлік қызмет бақылауы орнатылды.