Күн тәртібінде – қауіпсіз еңбек

Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні аясында Маңғыстау облысында еңбек инспекциясы басқармасының ұйымдастыруымен әлеуметтік әріптестердің кездесуі өтті.
Өңірдегі әлеуметтік әріптестіктің барлық тараптарының өкілдері әкімдіктің диалог алаңында өндірістік жарақаттану қаупін азайту саласындағы негізгі міндеттерді және қауіпсіз жұмыс орындарын қамтамасыз ету мәселелерін талқылау үшін жиналды.


Отырысты ашқан Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Қанат Құлжанов өңірдегі еңбекшілерге қауіпсіз жағдай жасау мен өмір сүру сапасын жақсартуда ұжымдық күш-жігердің маңыздылығын атап өтті.
Шараға Кәсіподақтар федерациясы атынан «YNTYMAQ» кәсіпкерлік қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы Төлеген Шайымов қатысты. Атап айтқанда, ол қатысушылардың назарын Кәсіподақтар федерациясының қазақстандық кәсіпорындарда қауіпсіз еңбек жағдайын жасау бойынша қабылдап жатқан шараларына аударды.
«Бүгін біз мемлекет пен қоғамның барлық еңбеккерлердің денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін жауапкершілігін тағы бір мәрте еске алу үшін жиналдық. Еңбек адамының денсаулығы мен қауіпсіздігі кәсіподақтардың басты басымдығы болып табылады, олар күн сайын әрбір қызметкердің жұмыс орнында өзін қорғалған сезінуін қамтамасыз етеді», – деп атап өтті Төлеген Шайымов.


Оның айтуынша, кәсіподақтардың бірлігі мен іс-қимылының үндестігі бұл салада айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік берді. Мысалы, Қазақстанда өткен жылы тіркелген жазатайым оқиғалардың 66 пайызы кәсіподақ ұйымы жоқ кәсіпорындарда орын алған.
Кәсіподақ ұйымы бар кәсіпорындарда өткен жылы жазатайым оқиғалардың саны 1,4%-ға азайған.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының мәліметінше, қазір Қазақстанда 13 мыңға жуық өндірістік кеңес, кәсіпорындарда кәсіподақтардың 18 мыңнан астам еңбек қауіпсіздігі жөніндегі техникалық инспекторы жұмыс істейді.


«Өздеріңіз білесіздер, Кәсіподақтар федерациясы өткен жылды «Қауіпсіз еңбек жылы» деп жарияланған болатын. Кәсіподақтар федерациясы Үкіметтің 2023 жылғы 26 желтоқсанда қабылдаған Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын әзірлеуге белсенді қатысты», – деп еске алды кәсіподақ көшбасшысы.


Сондай-ақ Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің кәсіподақ қозғалысының алдына қойған міндеттері туралы баяндады. Бұл жерде мәселе Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын іс жүзінде жүзеге асыру, қауіпсіз еңбек және еңбекке қабілеттілігін жоғалтқан жағдайда келтірілген зиянды әділ өтеу мәселелері бойынша заңнамалық жұмысты жалғастыру, ХЕҰ-ның еңбекті қорғау, өнеркәсіптік қауіпсіздік, еңбек гигиенасы, жазатайым оқиғаларды жасыру фактілерін болдырмау үшін кәсіподақ жұмысын күшейту және т.б. саласындағы конвенцияларын ратификациялауға ықпал ету туралы болып отыр.

Соңында ол Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Қанат Құлжанов пен Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Нұрбол Телегеновке өнімді әлеуметтік әріптестік пен барлығына қауіпсіз еңбек ортасын және лайықты еңбек жағдайын құру жолындағы ынтымақтастық үшін алғысын білдірді.
Жиын барысында облыстық мәслихаттың төрағасы Жаңбырбай Матаев, Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Нұрбол Телегенов, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау және қоршаған ортаны қорғау департаментінің директоры Бауыржан Латип, «ҚазАЗОТ» АҚ еңбекті қорғау жөніндегі бас техникалық инспекторы Аманжол Қуаныш, «Каспий Битум» ЖШС еңбекті қорғау жөніндегі бас техникалық инспекторы Насихат Демесінова еңбекті қорғау саласындағы тәжірибесімен бөлісті.
Жиын соңында Маңғыстау облысындағы кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды нығайту мен дамытуға ерекше үлес қосқан қызметкерлерді марапаттау рәсімі өтті.