Сейсенбі, 30 сәуірде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің басшылығымен Атқару комитетінің кезекті отырысы өтті.
Отырыста Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының одақішілік даулар жөніндегі комиссиясының ережесі мен құрамы мақұлданды.
ҚРКФ төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешевтің айтуынша, Комиссия Кәсіподақтар федерациясының мүшелік ұйымдары арасындағы, сондай-ақ федерация мен мүшелік ұйымдар арасындағы ұйымдық-құқықтық сипаттағы мәселелер бойынша, оның ішінде Федерация Жарғысының ережелері мен федерация органдарының шешімдерін іске асыру жөніндегі дауларды шешу мақсатында құрылады.
«Мұндай комиссия құру мәселесі Кәсіподақтар федерациясының отырыстарында бірнеше мәрте көтерілді. Кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері мүшелік құрылымдар арасындағы дауларды қарайтын алқалы орган құруды ұсынды», – деді Нұрлан Өтешев.
Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеевтің басшылығымен комиссия құрамы бекітілді:
Айгүл Мұқашева – оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы;
Сұлтан Қалиев – мұнай-газ кешені қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы;
Оразбек Бекбас – энергетиктер қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы;
Егор Каппель – ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы;
Керім Примқұлұлы – химия, мұнай-химия және сонымен байланысты өнеркәсіп салалары қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы,
Марат Миргаязов – “Казуглепроф” көмір өндірушілер салалық кәсіподағының төрағасы,
Атакөзі Нұрланов – “Қызмет” салалық кәсіподағы төрағасының орынбасары,
Тілеулес Мадьярова – құрылыс кешені мен ТКШ қызметкерлерінің салалық кәсіподағы “Астана” қалалық филиалының төрағасы.
Сатыбалды Дәулеталин одақішілік бірлік пен өзара түсіністік – еңбек адамының өмір сүру деңгейін және еңбек қатынастарының сапасын арттыру бойынша кәсіподақтардың табысты жұмысының кепілі екенін атап өтті.
«Салалық және өңірлік кәсіподақ құрылымдарының мақсаттары мен міндеттерінің бірлігі олардың өзара іс-қимылының серіктестік сипатын, кәсіподақ жұмысының барлық нысандарын сапалы дамытуға, мықты ұйымдық біртұтас салалық кәсіподақтарды құруға мүдделі екенін анықтайды. Кәсіподақ ішіндегі дауларды шешу жөніндегі комиссияның құрылуы даулы мәселелерді шешудің және ымыраға келудің тиімді және әділ механизмін қамтамасыз етудегі маңызды қадам болады, сондай-ақ кәсіподақ қозғалысындағы ауызбіршілікті сақтауға ықпалдасады», – деді ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.
Кәсіподақ федерациясы жариялаған Лайықты еңбек жылы аясында Атқару комитетінің мүшелері тиісті іс-шаралар жоспарын қабылдады.
ҚРКФ аппаратының басшысы Нұрлыбек Жұмаштың айтуынша, Кәсіподақтар федерациясының 2024 жылға арналған негізгі іс-шаралардың кешенді жоспары ҚРКФ мүшелік ұйымдарының ұсыныстарын ескере отырып әзірленген және еңбек жағдайларын жақсартуға, қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғауға, олардың әлеуметтік қорғалуын нығайтуға, сондай-ақ ел кәсіпорындарындағы қауіпсіздік пен еңбекті қорғау деңгейін арттыруға бағытталған бастамаларды қамтиды.
Лайықты еңбек идеясын ілгерілету аясында әлеуметтік әріптестік пен халықаралық диалогты дамытуға ерекше көңіл бөлінетін болады.
Атқару комитетінің мүшелері Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Бас кеңесін шақыру туралы шешім қабылдады. Басқосу 24 маусымға белгіленді.
Сонымен қатар, Атқару комитеті ағымдағы жылға Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының марапаттары бойынша квота бекітті.
Кездесуге қатысушылар су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету мәселесін назардан тыс қалдырмады. Кәсіподақтар федерациясы мен оның еншілес құрылымдары су басқан өңірлердің тұрғындарына 11 миллион теңгеден астам гуманитарлық көмек жібереді.
Айта кету керек, Кәсіподақтар федерациясы мен оның құрылымдары табиғи апаттың алғашқы күндерінен бастап су басқан өңірлердегі азаматтарға көмек көрсетіп, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде. Кәсіподақ ұйымдары қаржылай қолдау көрсетіп, құтқару жұмыстарына қатысып, халыққа тамақ тасыды. Баспанасынан айырылған тұрғындар кәсіподақтар федерациясына қарасты шипажайларға уақытша орналастырылды.
Жиын соңында Сатыбалды Дәулеталин әріптестерін Түркі елдерінің кәсіподақтар ұйымы аясындағы жұмысы туралы хабардар етті. Ол Анкарада Түркия кәсіподақтар конфедерациясы Türk-İş президенті Ергүн Аталаймен, Түркияның Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Ведат Ішікханмен, Түркі мемлекеттері ұйымының Ақсақалдар кеңесінің басшысы Бинәлі Йылдырыммен, сондай-ақ интеграциялық бірлестік жұмысының маңызды аспектілері талқыланған бауырлас елдің кәсіподақ көшбасшылары және әлеуметтік серіктестерімен өткізген кездесулері туралы баяндады.
Сонымен қатар, Кәсіподақтар федерациясының басшысы Атқару комитеті мүшелерінің назарын Қазақстанның еңбекші әйелдері І форумының шешімдерін жүзеге асырудың маңыздылығына баса назар аударды.
«Бірлескен күш-жігер арқылы біз әйелдердің әлеуметтік мәртебесін көтеріп, еңбек әлемінде әйелдер мен ерлер үшін тең құқық пен мүмкіндіктерге қол жеткізе аламыз», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы