5 мамырда елорданың Ботаникалық саябағында Дүниежүзілік еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау күніне арналған ірі шара – «KASIPODAQ WIN – 2024» кәсіподақтың ынтымақтастық жүгірісі өтті.

Іс-шараны Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Астана қаласының Триатлон федерациясының, Дене шынықтыру және спорт басқармасының, сондай-ақ Астана қаласының спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясының қолдауымен ұйымдастырды.

Спорттық шараға кәсіподақ жетекшілері мен белсенділері, барлық саладағы кәсіподақ мүшелері, сондай-ақ әлеуметтік серіктестерден 500 адам қатысты.
Ынтымақтастық жүгірісін Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин бастады.

«Бұл жай спорттық шара емес. Бұл 500-ден астам адамдардың: жүгіретіндер мен жүгіргісі келетіндердің, кәсіби спортшылар мен әуесқойлардың, жастар мен егде жасқа келгендердің ынтымақтастық, бірлік, қауіпсіз еңбек ұстанымдары аясында басын қосқан сауапты іс. Бүгінгі сайыс тек қана жүгіру емес, бұл – жанның саулығы. Бұл тек қана спорт емес, бұл нағыз батылдық. Белгіленген қашықтықтарды жүгіріп өту – бұл ерік жігеріңді жанып, өзіңе деген сенімсіздікті, ішкі үрейді еңсеру, бойыңда бар жақсы қасиеттерді ұштау», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Федерация басшысы қатысушыларға қашықтықты еңсеруде табандылық пен төзімділік тіледі.

Ынтымақтастық жүгірісі Кәсіподақтар федерациясы тарихында алғаш рет өткізілді. Бұл бастаманы жастар да, үлкендер де қолдады. Жарыс ережесі бойынша қатысушыларға 1,6км, 5км және 10км қашықтықты таңдау мүмкіндігі берілді.

Жарысқа қатысушылар физикалық төзімділікті ғана емес, сонымен қатар рухани бірлікті, барлық қызметкерлер үшін лайықты және қауіпсіз еңбек жағдайларын жасауға деген ортақ ұмтылысты көрсетті.
Қашықтықты бағындырған барлық спортшылар марапатқа ие болды.



Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы
