Орталық Азия кәсіподақ басшылары трансұлттық компанияларда лайықты еңбекті қолдау мәселесін талқылады

 13 мамырда Худжанд қаласында (Тәжікстан) Орталық Азия кәсіби одақтар Кеңесінің (ОАКОК) V отырысы өтті. Шараға Кеңеске мүше мемлекеттердің, атап айтқанда, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан және Өзбекстанның ұлттық кәсіби орталықтар басшылары, сондай-ақ Халықаралық еңбек ұйымының сарапшылары қатысты.

Басты тақырып трансұлттық корпорацияларда әлеуметтік әріптестік орнату, жұмысшыларды лайықты еңбекпен қамтамасыз ету мәселесіне арналды.

Жиынды ашқан Орталық Азия елдері кәсіподақтар кеңесінің Бас хатшысы, Тәжікстанның Тәуелсіз кәсіподақтар федерациясының төрағасы – Маликшо Нематзода тақырыптың аймақ үшін өзектілігін атап өтіп, қатысушыларды негізгі тақырыпты белсенді талқылауға, еңбек нарығындағы ағымдағы жағдайды сараптауға, осы мәселені шешу жолдарын бірлесіп қарастыруға шақырды.

ОАКОК мүшелері алғысөздерінде трансұлттық корпорацияларда лайықты еңбек жағдайын қамтамасыз етудің маңызын айрықша атап өтті.

“Ұлттық және халықаралық заңнаманы жаңарта отырып, бәрімізге жұмыс берушілердің жауапкершілігін күшейту, ең алдымен әлеуметтік әріптестік орнатудың тиімділігін арттыру қажет. Қазақстан кәсіподақтары Халықаралық еңбек ұйымы мен Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының негізгі қағидаттарына негізделген барлық қызметкерлерді басты құқығымен қамтамасыз ететін жалпыға бірдей еңбек кепілдігін белгілеу жөніндегі үндеуін қолдайды”, – деді Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин. Ол әлеуметтік әділдікке қол жеткізу үшін қоғамдық шарт институтын дамыту керектігін баса айтып, лайықты еңбектің 4 негізгі аспектісіне тоқталды. Атап айтқанда: толық және нәтижелі жұмыспен қамтуға ықпалдасу, әлеуметтік тұрғыда қорғау, әлеуметтік диалог орнату және трипартизмді жүзеге асыру, еңбек саласындағы әлеуметтік қағидаттар мен құқықтарды сақтау және әлеуметтік әділдік қағидаттарын берік ұстану.

Ұлттық кәсіби одақтар басшылары трансұлттық корпорацияларды жаһандану үдерісінің қозғаушы күші деп атады. Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы – Кудратилла Рафиков пандемиядан кейінгі кезеңде әлемдік экономикадағы трансұлттық корпорациялар рөлінің артқанын, бұл, өз кезегінде, бірегейліктің жойылуынан және жаһандық экономикалық үдерістердің қарқын ала бастағанынан байқалады. “Әлемдік экономикада болып жатқан күрделі процесс біздің бұрынғыдан бетер ынтымақтаса түсуімізді, Орталық Азия аумағын қамтитын кәсіподақ мүшелерін өзара біріктіруді талап етеді. Кеңестің қызметіне жаңа серпін беретін уақыт келді – интеграциялық құрылымды Азия Кәсіподақтар конфедерациясына айналдыру қажет”, – деп ұсынды Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясының басшысы.

Отырысқа қатысушылар бұл ұсынысты өз идеяларымен толықтыра отырып, әріптесін қолдады. Қырғызстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Мурадил Джумадилде уулу жасыл экономика мәселесінің өзектілігін атай отырып, заман талабына сай “жасыл жұмыс орындарын” құруды басым бағыттардың бірі ретінде жұмыс жоспарына енгізуді ұсынды. Оның пайымдауынша, бұл адамдарды тұрақты, лайықты жұмыспен қамтамасыз етеді, сонымен бірге қоршаған ортаға деген кері әсерін азайтады.

Еуропа және Орталық Азия бөлімінің меңгерушісі Actrav / ХЕҰ Сергеюс Гловацкас климаттың өзгеруіне байланысты туындайтын мәселелерге назар аудара отырып, құрғақшылық, су тасқыны, су қоймаларының таяздануы сынды соңғы уақытта жиілеп кеткен апаттарды тізіп, қырғызстандық әріптесінің тақырыбын сабақтады. Экономиканы экологияландыру – бұл еңбек жағдайын жақсартуға ықпал ететін жалғыз сенімді әдіс, сонымен қатар, әрбір еңбеккердің мүддесі ескеріледі.

Отырыс соңында Өзбекстанның Ұлттық Кәсіподақ орталығы басшысының Кеңесті Азия Кәсіподақтар конфедерациясына айналдыру туралы идеясын ОАКОК жанындағы Ұйымдастыру комитетінің, сондай-ақ Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы мен Халықаралық еңбек ұйымының қарауына ұсыну туралы шешім қабылданды.

Анықтама: Орталық Азия елдерінің Кәсіподақтар кеңесі – мемлекеттік емес коммерциялық емес ұйым. Ол өз қызметін халықаралық деңгейде жүзеге асырады. Негізгі мақсаты – қызметкерлердің әлеуметтік, еңбек, кәсіби, экономикалық және өзге де заңды құқықтары мен мүдделерін, кәсіподақ қызметінің құқықтары мен кепілдіктерін қорғау, кәсіподақтардың халықаралық ынтымақтастығын нығайту.

Кеңес 2021 жылдың 10 қарашасында Ташкент қаласында құрылтайшылардың жалпы жиналысында құрылды. Оның құрамына Қазақстан Республикасының кәсіподақтар Федерациясы, Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясы және Тәжікстанның Тәуелсіз кәсіподақтар федерациясы кірді.

2022 жылғы 19-22 қыркүйекте Ташкент қаласында Еуропа және Орталық Азия секторының меңгерушісі Actrav/ХЕҰ Сергеюс Гловацкастың, сондай-ақ Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Моңғолия кәсіподақтары делегацияларының қатысуымен Орталық Азия елдері кәсіподақтар Кеңесінің II отырысы өтті. Жиында Қырғызстан Кәсіподақтар федерациясы мен Моңғолия Кәсіподақтар конфедерациясы ұйым құрамына жаңа мүшелер ретінде қабылданды.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы