Бүгін, 14 мамырда ҚР Кәсіподақтар федерациясы Кәсіподақ көшбасшысы мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен белсенділеріне арналған кезекті онлайн-кездесуі өтті.
Кәсіподақ көшбасшысы мектебінің білім беру курсы кәсіподақ көшбасшыларына заманауи жағдайда жұмыс істеу үшін жан-жақты кәсіби дағдылар мен технологияларды беруге арналған. Оның басты мақсаты – бастауыш кәсіподақ белсенділерінің кәсіби шеберлігін арттыруға жәрдемдесу болып табылады.
Отырыс жұмысын ашқан ҚРКФ ұйымдастыру-бақылау жұмысы департаменті директорының орынбасары, еңбек қатынастары жөніндегі сарапшы, білім беру жобаларының үйлестірушісі Ләззат Есжанова еңбек адамының мүддесі мен беделін жан-жақты қорғау, кәсіподақ мүшелерінің құқықтық сауатты жоғары болуының маңызды екендігіне тоқталып, осы орайда кәсіподақ мүшелеріне белсенді өзара қарым-қатынасты дамытуға шақырды.
Семинар спикері-Кәсіподақтар федерациясының лекторлар пулының мүшесі, Қызылорда облыстық Кәсіподақ орталығының бас маманы Майра Боранбаева ҚР Еңбек заңнамасын қолдану тәжірибесі, оның ішінде еңбек шартын тоқтату негіздері, еңбек шартын тоқтату тәртібі туралы теориялық ақпарат беріп, нақты мысалдар жүзінде көрсетті.
«Қазіргі экономикалық жағдайда заңды еңбек қатынастары мәселесі ерекше өзекті болып отыр. Еңбек қатынастарын реттейтін нормалардың ішінде еңбек шарты институты ерекше орын алады. Бұл институтта еңбек шартын тоқтату және бұзу ережелері маңызды рөл атқарады. Осылайша, жұмыс беруші мен қызметкердің құқықтары мен мүдделерін қорғау Еңбек Кодексі және ұжымдық-шарттық қатынастар арқылы қалыптасады. Кәсіподақ басшыларына қызметкерлердің құқықтарын қорғайтын мүдделі ұйым ретінде бұл тақырыпты игеруі өте маңызды», – деп атап өтті Майра Боранбаева.
Еңбек заңнамасына енгізілген түзетулерді таныстыру барысында лектор қатысушыларға қызметкерлердің әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғау мәселелерінің кең ауқымын ұсынды.
Ең алдымен, ол Еңбек кодексін білудің маңыздылығына және оны белгілі бір жағдайда қолдану дағдыларына назар аударды.
Семинар ашық диалог форматында өтті, онда қатысушыларға қолданыстағы еңбек заңнамасының жекелеген ережелерін түсіндіре отырып, әдістемелік және консультациялық көмек көрсетілді.
Семинарға қатысушылар өздерін қызықтырған барлық сұрақтарға толық жауап алды, сондай-ақ өздерінің кәсіподақ жұмысында туындайтын белгілі бір мәселелерді шешу тәжірибелерімен бөлісті.