Абай облысы Кәсіподақтар орталығының еңбекші әйелдер ісі жөніндегі комиссиясы құрылды

Абай облысы Кәсіподақтар орталығыңда еңбекші әйелдер ісі жөніндегі комиссия құру бойынша Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Отырысты Абай облысы Кәсіподақтар орталығының төрағасы Зәуреш Исабаева алғы сөзімен ашты. Ол кәсіподақтар кемсітушілік пен гендерлік зорлық-зомбылықтың барлық түрлерімен күресте шешуші рөл атқаратынын атап өтті. Қоғам кез келген түрдегі, соның ішінде жұмыс орнындағы зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушілік танытуы қажет екендігіне тоқталды.

Әйелдердің еңбек құқықтарын қорғау ҚРКФ еңбекші әйелдер істері жөніндегі комиссияның қызметінің маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Комиссияның қызметі қызметкерлердің өтініштерін қарау, қоғамдық мониторинг, сараптамалық-талдау жұмыстарын жүргізу, әлеуметтік серіктестермен, сондай-ақ үкіметтік емес және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау арқылы жүзеге асырылады.

Еңбек құқықтары мәселелері бойынша келіп түскен өтініштер кейбір жағдайларда жұмыс берушілер тарапынан еңбек заңнамасын бұзу фактілері орын алатынын көрсетеді. Осы бағыттағы жұмыстарды жүргізу үшін Зәуреш Исабаева Абай облысы Кәсіподақтар орталығы жанынан Комиссия құруды ұсынды. Кеңес мүшелері бұл ұсынысты бір ауыздан қолдады.Комиссия құрамына әртүрлі салалардан 11 әйел кірді.


Отырыста Комиссия мүшелері ҚРКФ гендерлік саясатының тұжырымдамасымен танысты. Отырысқа қатысушылар өз ұсыныстарымен, пікірлерімен бөлісіп, Комиссияның 2024 жылға арналған жұмыс жоспарын талқылап, бекітті.
Үйлестіру кеңесінің мүшелері «Қ.Сәтбаев атындағы №2 орта мектеп» КММ бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Замира Дайырбаеваны Кәсіподақ орталығының еңбекші әйелдер ісі жөніндегі комиссиясының төрайымы етіп бірауыздан сайлады. «Семей қаласының өмірлік қиын жағдайдағы тұлғаларды әлеуметтендіру орталығы» КММ бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Еркежан Спанова хатшы болып сайланды. Олар Қазақстанның еңбекші әйелдерінің 1-ші форумының делегаттары болып табылады.
Отырыс соңында Зәуреш Исабаева Комиссия жұмысына сәттілік тіледі.