Семей – Абай облысының ғана емес, бүкіл республиканың мәдени-тарихи орталығы. Бұл топырақта ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының, көрнекті философ Шәкәрім Құдайбердіұлының, әлем әдебиетінің көрнекті тұлғасы Мұхтар Әуезовтің кіндік қаны тамған жер. Қаламызда ұлы тұлғалардың естелігі – Абай Құнанбаев пен Федор Достоевскийдің мұражайларында, тарихи-өлкетану мұражайында, Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері мұражайында сақталған.
Үш жылға жуық уақыт – 1917 жылдың 25 желтоқсанынан 1920 жылдың 22 қыркүйегіне дейін немесе тура 994 күн Семей қаласының сол жағалауы – Алаш автономиясының астанасы болды.
Халықаралық музейлер күні аясында Абай облысының кәсіподақтар орталығының бастамасымен салалық кәсіподақ филиалдарының өкілдері «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» мұражай-үйінде болды.
Мұражай Семей қаласының орталық бөлігіндегі Татар бөлігіндегі ежелгі тыныш көшелердің бірінде орналасқан. Мұнда қазақтың зиялы қауым өкілдері мен «Алаш» партиясының өкілдері жиналған кездер туралы естеліктер сақталған. Бұл үйді Мемлекеттік банктің қызметкері Анияр Молдабаев сатып алған. Алаш-Орда көсемдері Әлихан Бөкейханов пен Міржақып Дулатовтың отбасы Әнияр Молдабаевтың үйінде тұрған. Бұл туралы Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнәр «Алаштың сөнбес жұлдыздары» атты естелігінде былай деп жазады: «1921-22 жылдары әкем губерниялық сотта қызмет етті, біз Комиссар көшесінде Әнияр Молдабаевтың екі қабатты жеке үйінде тұрдық. Екінші қабатта біз Дулатовтар, бірінші қабатта Әлихан ата (Бөкейханов) тұрдық».
Жазушы Сапарғали Бегалин «Замана белестері» атты кітабында Әнияр Молдабаевтың үйінде жақсы достары, ерлі-зайыпты Нұрғали мен Нәзипа Құлжановтардың тұрғанын, одан сабақ алғанын айтады. 1940 жылы 16 қазанда Әнияр Молдабаевтың үйінде Абай мұражайы ашылды. Бұл Қазақстандағы тұңғыш әдеби-мемориалдық мұражай болды. Оның алғашқы директоры жас жазушы Қайым Мұхамедханов болған еді. 1967 жылдан бері мұнда қалалық балалар кітапханасы орналасты да, 1990 жылы ғимарат қайтадан Абай мұражайына берілді.
Семейде оқыған жылдары Мұхтар Әуезов те Әнияр Молдабаев сияқты Алашорданың мүшесі болды. 1997 жылы қыркүйекте Мұхтар Әуезовтің туғанына 100 жыл толуына орай Әнияр Молдабаевтың осы мемориалдық үйінде Абай «Жидебай-Бөрілі» Мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің бөлімшесі ретінде «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» мұражайы ашылды.
Мұражайда Шәкәрім, Ермұхан Бекмаханов, Әлихан Бөкейхановтың күйеу баласы Смағұл Сәдуақасовтың Алашқа сіңірген еңбегі, қаржылай көмегі туралы сыр шертетін жәдігерлер де бар.
Музейдің арнайы тапсырысымен астаналық мүсінші Төлеуғазы Байғалиев Алаш арыстары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұхтар Әуезов және Шәкәрім Құдайбердиевтің балауыз мүсіндерін жасады. Көрмеде Алаш әскерінің фотосуреті, Әнұраны, Алаш үкіметінің құжаттары, сол кездегі тұрмыс-тіршілікті көрсететін экспонаттар бар.
Экскурсия барысында кәсіподақ жетекшілері музей тарихымен, мұражай жәдігерлерімен танысып, қазақ зиялыларының ұлы тұлғалары, Алашордалықтар туралы көптеген пайдалы, танымдық мағлұматтар алды.
Бүгінгі күні «Алаш арыстары» үйі Қазақстандағы 100 киелі нысанның тізіміне енді.