Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы еңбек қатынастары саласындағы маңызды тақырыптар бойынша қажетті білім мен ақпарат бере отырып, өз мүшелерінің игілігі үшін белсенді жұмыс істеуді жалғастыруда.
Бүгін Кәсіподақтар федерациясы ұйымдастырған «Еңбек шартын тоқтату негіздері. Жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзу негіздері мен тәртібі» тақырыбында Астана және Алматы қаласының кәсіподақ мүшелері үшін онлайн форматында семинар өтті.
Семинар шеңберінде ҚР Кәсіподақтар федерациясы лекторлар пулының сарапшысы Майра Боранбаева дәріс оқыды. Ол қатысушыларға жұмыс берушінің бастамасымен еңбек шартын бұзудың негізгі аспектілерін түсіндірді.
Спикер заңнамада көзделген еңбек шартын бұзу туралы қызметкерге хабарлауға қойылатын талаптар, хабарлау мерзімдері, жұмыстан шығу жәрдемақысын алу және тараптардың келісімі бойынша еңбек шарты бұзылған жағдайда қызметкер үшін ықтимал салдарларды атап өтті.
Семинарда жұмыс беруші еңбек шартын бұзу туралы шешім қабылдай алатын түрлі жағдайлар, сондай-ақ осы шешімнің негізделуі мүмкін тағы да басқа кейстер егжей-тегжейлі қарастырылды.
Қатысушылар Кәсіподақтар федерациясының сарапшысына сұрақтар қойып, еңбек қатынастары саласындағы өз құқықтары мен мүдделерін қорғауға көмектесетін қажетті түсіндірмелер алды.
Естеріңізге сала кетейік, ҚРКФ-ның «Білім беру марафоны» жобасы аясындағы еңбек құқығы бойынша семинар үшінші жыл қатарынан жүйелі түрде өткізіліп келеді. Ағымдағы жылдың наурыз айында басталған уақыт ішінде 10 семинар өтті, оған еліміздің 20 өңірінен 1700-ден астам кәсіподақ мүшелері қатысты.