«Кезби» ЖШС ұжымдық еңбек дауы Кәсіподақтар федерациясының өкілі, «YNTYMAQ» кәсіпкерлік қызметкерлерінің республикалық салалық кәсіподағының төрағасы Тулеген Шаимовтың қатысуымен жұмыс беруші мен кәсіподак белсенділері тобы арасындағы келіссөздер барысында реттелді.
2024 жылғы 13 мамырда мұнай сервистік компаниясының жұмысшылары кәсіпорынның жұмысын тоқтатып, ескірген жабдықты жаңарту және еңбек жағдайларын жақсарту бойынша бірқатар талаптар қойды.
Жұмысшылардың өтінішіне сәйкес Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы мен облыстың Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органы кәсіпорын қызметін тексеруді жоспарлаған. Алайда, жұмысшылардың көпшілігі тексерулердің тиімділігіне күмәнданып, олар қолда бар бұзушылықтарды жоюға және арнайы техниканы жаңартуға әсер етпейтінін атап өтті.
18 мамырда «КЕЗБИ» ЖШС-нің жұмыс беруші мен жұмысшылар арасындағы ұжымдық еңбек дауын қарау жөніндегі татуластыру комиссиясының отырысы өтті, онда жұмысшылардың талаптары мен кәсіпорын басшылығының жанжалды реттеу жөніндегі мүмкіндіктері талқыланды.
Отырысқа Кәсіподақтар федерациясының өкілі, «YNTYMAQ» республикалық салалық кәсіподағының төрағасы Тулеген Шаимов қатысты.
Келіссөздер барысында жұмысшылар тарапынан «YNTYMAQ» салалық кәсіподағының заңгері Жандос Құсайынов, «YNTYMAQ» салалық кәсіподағының Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының орынбасары Азамат Жапаров, «AQIQAT» жергілікті кәсіподағының төрағасы («YNTYMAQ» ББ мүшелік ұйымы) Сәбит Молдабеков, «Kezbi-бірлік» кәсіподағының төрағасы Тұңғышбек Ұлықманов, ҰЖЖ шебері Азамат Төлебаев, машинист Есбол Бердиев, цех бастығы Талғат Назаров, Стропальщик Аман Мыңжас өкілдік етті.
Жұмыс беруші тарапынан келіссөздерге Басқарушы директор Ержан Кезбаев, техникалық директор Нұрлан Кезбаев, заң бөлімінің басшысы Расул Хамзин, кадрлардың аға инспекторы Бейбіт Жолдыбаев, жетекші инженер – эколог Асылбек Ниязбеков қатысты.
Әлеуметтік серіктестердің тең құқылы және ашық диалогы жұмысшылардың талаптары шеңберінде көптеген мәселелер бойынша келісімге келуге мүмкіндік берді.
Мәселен, тексеру комиссиясының және ескірген техниканы жаңарту мәселелері бойынша тексерулерді жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың өзге де комиссияларының жұмысын бақылау мақсатында аталған комиссиялардың құрамына тексеру кезеңінде жалақысы мен жұмыс орнының сақталуына кепілдік берілген жұмысшылар тарапынан бір-бірден өкіл енгізілетін шешім қабылданды.
Сонымен қатар, жұмысшылар мен жұмыс беруші техниканың дұрыс жұмыс істемеуінен туындаған мәжбүрлі тоқтап қалу уақыты жұмысшыларға лауазымдық жалақының 70% мөлшерінде төлемдер төленеді деген келісімге келді. Сонымен бірге 13-18 мамыр аралығында жұмысын тоқтатқан жұмысшыларға жалақының 100% төленеді (сыйақысыз).
Тараптар «Өзенмұнайгаз» АҚ жүйесі бойынша 1 мамыр және 25 қазан мерекелеріне мерекелік біржолғы сыйақы төлеу туралы келісімге келді, онда сыйақы мекеменің еңбекақы төлеу қорынан үнемделген қаражат есебінен төленеді.
Кездесу барысында №27 бригада жұмысшыларын қоспағанда, ұжымның барлық жұмысшыларының еңбек шарттарын белгіленген тәртіппен ұзарту туралы мәселе шешілді. Сонымен қатар, еңбек шартының мерзімінің өтуіне байланысты бұрын жұмыстан босатылған екі жұмысшыны жұмысқа қайта қабылдау туралы шешім қабылданды.
Жұмысшылардың өтініші бойынша тәртіптік комиссияның құрамына әрбір кәсіподақтан бір өкіл кіреді, олар құрылған сәттен бастап комиссия қорытындысын шығарғанға дейін жұмыстан босатылады.
Еңбек жағдайларына қатысты жұмыс беруші бір ай ішінде асхананың тамақтану сапасын жақсарту жөнінде шаралар қабылдауға, сондай – ақ жобалау жұмыстарының қорытындысы бойынша жұмысшыларды тұрмыстық үй-жайлармен-жуу және киім-кешек бөлмелерімен қамтамасыз ету мәселесін шешуге міндеттенді.
Бұдан басқа, жұмыс беруші ауысымдық арнайы техника жүргізушілерін өндірістік аймаққа тасымалдау үшін арнайы көлік бөлетін болады.
Жұмыс берушімен және кәсіподақ өкілдерімен келіссөздер қорытындысы бойынша қол жеткізілген келісімдерді ескере отырып, жұмысшылар 18 мамырда жұмысқа кірісті.