Қызылордада өңірлік кәсіподақтар бірлестіктерінің тәжірибе алмасу кездесуі өтті. Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының жұмыс жоспарына сәйкес аумақтық кәсіподақтар бірлестіктері кәсіби тәжірибелерімен алмасып, еңбек қатынастарын құқықтық реттеу, әлеуметтік әріптестікті дамыту, мүшелік ұйымдардың өзара қарым-қатынастарын нығайту дағдыларымен бөлісті.
Әріптестер кездесуі Кәсіподақтар Үйінде Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Мақсұт Нәлібаевтың модераторлығымен өткен кәсіподақтары активінің таныстырылым алаңынан басталды. Бірлестік төрағасы алаңда Кәсіподақтар федерациясының 2020-2025 жылдарға арналған Даму стратегиясын жүзеге асыру барысында аумақтық кәсіподақ бірлестіктерінің жұмысын жетілдіруде өңіралық тәжірибе алмасулардың тиімділігін атап өтті.
Түркістан облысы кәсіподақтары тобын іс сапарда бастап келген аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Бердіғали Өмірәлі өңіраралық кәсіподақтардың тәжірибе алмасуы алғашқы кездесуінің бастау алуы бойынша ризашылық лебізін білдіріп, жұмыс сапары бағдарламасына сәттілік тіледі.
Таныстырылым алаңында Үйлестіру кеңесі мүшелері -салалық кәсіподақ төрағалары салаларда кәсіподақ ұйымдарымен атқарылып жатқан жұмыс барыстарынан ақпаратпен бөлісіп, еңбек қатынастары бойынша өзекті мәселелер мен лайықты еңбекті қамту үдерістері туралы пікір алмасты.
Түркістан облысы кәсіподақтарына Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің заң клиникасы жұмысы, қоғамдық қабылдау барысы, ақпараттық жұмыстар жобалары таныстырылды.