Қазан қаласында Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының ұйымдастыруымен Қазақстандық делегация Татарстан Республикалық жалпыресейлік білім кәсіподағымен әріптестік жағдайында кездесу өткізді.
Татарстан астанасының Кәсіподақтар үйінде екіжақты өзара ынтымақтастық Меморандумына қол қойылды. Кездесу барысында Татарстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Елена Кузьмичева, Жалпыресейлік білім кәсіподағының төрағасы Ирина Проценко, Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы Айгүл Мұқашева сөз сөйлеп, екі елдің арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға арналған шаралармен таныстырды.
Салалық кәсіподақ төрағасы Айгүл Мұқашева өз сөзінде Татарстанға келу кездейсоқ емес екенін атап өтті. «Біз туысқан халықтармыз, бізде көптеген ұқсастықтар бар, сондықтан күш біріктіру арқылы біз бір-бірімізге пайдалы боламыз. Қол қойылған құжат біздің берік достығымыздың символына айналсын», – деді ол.
Қазақстандық салалық кәсіподақ делегация құрамы Қазандағы бірнеше оқу орнында болып, дөңгелек үстел басында тәжірибе алмасты. Бас шаһардың көрнекті тарихи жерлеріне туристік саяхат жасады. Сондай-ақ, кәсіподақтың еншісіндегі емдеу-сауықтыру шипажайларын аралап көрді.
Сапар барысында «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қылышбай Сүндетұлы Татарстан Республикасы Ұлттық кітапханасы мен Қазан Федералды университетіне бірнеше кітаптар мен газеттер тігінділерін табыс етті.