ҚРКФ Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин бастаған Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының делегациясы 3-14 маусым аралығында Женева қаласында (Швейцария) өтіп жатқан ХЕҰ Халықаралық еңбек конференциясының 112-сессиясына қатысуда.
Конференция барысында делегаттар – 187 мемлекеттің жұмыскерлері, жұмыс берушілер мен үкімет өкілдері ХЕҰ-ның Бас директоры Жильбер Унгбоның «Жаңартылған қоғамдық келісімшартқа жету жолында» баяндамасын талқылайды.
Сонымен қатар, ХЕК-ның 112-сессиясында жұмысшыларды климаттың өзгеруі әсерінен және еңбек әлеміндегі биологиялық қауіптерден қорғау, күтім жасау экономикасы, жұмыстағы негізгі принциптер мен құқықтарды қамтитын ауқымды мәселелер қарастырылады.
Конференцияда 2024–2027 жылдарға арналған Халықаралық еңбек ұйымының Әкімшілік кеңесінің мүшелері сайланады деп күтілуде.
Халықаралық еңбек конференциясы аясында Сатыбалды Дәулеталин бастаған ҚРКФ делегациясы ХЕҰ Бас директоры Жильбер Унгбо, АCTRAV Еңбекшілер бюросының директоры Мария Хелена Андре, ХЕҰ Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Беате Андрееспен, сондай-ақ халықаралық кәсіподақтар өкілдерімен кездесулер өткізеді.
ҚРКФ Бас кеңесі жариялаған Лайықты еңбек жылы аясындағы маңызды қадамдардың бірі – Халықаралық еңбек ұйымы, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және «Парыз» жұмыс берушілердің Ұлттық конфедерациясы арасында Қазақстанда лайықты еңбекке жәрдемдесу жөніндегі Жол картасына қол қою болды.
Жұмыс сапардың негізгі мақсаты ХКК Бүкілеуропалық аймақтық кеңесінің вице-президенті – Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының Бас кеңес отырысына қатысуы болмақ.
Анықтама: Халықаралық еңбек конференциясы ХЕҰ-ның шешім қабылдайтын жоғары органы болып табылады. Конференция жыл сайын маусым айында ұйымға мүше 187 мемлекеттің үшжақты делегацияларын жинайды. Конференция пленарлық отырыс пен техникалық комитеттерден тұрады. Конференция пленарлық отырыспен ашылады және жабылады. Аралық пленарлық отырыстарда барлық делегаттар Басқарушы кеңес төрағасының және Бас директордың баяндамаларын талқылауға қатыса алады. Пленарлық отырыс Конференцияның әкімшілік және ресми тапсырмаларын орындайды. Сондай-ақ мәртебелі қонақтарды, соның ішінде мемлекет және үкімет басшыларын қабылдау үшін кездесулер өткізе алады.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы