Ағымдағы жылдың 13 тамызы күні С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы «Спорт – біздің серігіміз» атты спорт ардагерлерімен кездесу кешін өткізді. Кездесу «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламасы аясында спорт күніне орай Қазақстан салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағымен бірлесе отырып ұйымдастырылған.
Спорт ардагерлерінің жолын жастарға үлгі ету, ел есінде қалған жерлестер есімін келешек ұрпаққа ұмыттырмауды көздеген шараға Қазақстан салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының төрағасы Н.С.Табылдинова, Ақтөбе қаласының атақты спортшысы, бапкер М.С.Зәкіржанов, Қазақстанның құрметті спорт қайраткері, әлем чемпионының жүлдегері, екі дүркін Азия чемпионы – Қ.Е.Ізғарин, мәдениет қызметкерлері мен оқырмандар қатысты.
Кездесуде спорт ардагерлері жастарға өз салалары бойынша қалай жетістікке жеткендері жөнінде ой өрбітіп, мақсатқа жету жолындағы қиындықтары мен қуаныштарын бөлісті. Сонымен қатар, «Аққауырсын» жас ақындар клубының мүшелері спорт пен денсаулық туралы өлеңдерін оқып, флешмоб биледі. Қатысушыларға спорт туралы бейнебаян көрсетілді. Кәсіподақ бірлестігінің төрағасы Назира Сарсенбайқызы кешке қатысушы ардагерлерді спорт күнімен құттықтап, сыйлықтар табыстады. Кітапхана директоры Гүлжайнар Нәренқызы спортшыларымызға құрмет көрсету кімге де болсын парыз, әрі қасиетті міндет екенін айтып, спортшы ардагерлерге тілегін білдірді.
Шараға қатысушы оқырмандар көкейкесті сұрақтарын қойып, өзара ой бөлісті. Жиналған қауым «Спорт – денсаулық кепілі» атты ұйымдастырылған кітап көрмесімен танысты. Кеш соңында ардагерлер жылы лебіздерін білдіріп, батасын берді.