Конференцияға ҚР «Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Егор Каппель, Ақтөбе облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Алтынбек Әмірғалиев қатысты.
Салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы Тұрақбай Сұлтанғалиев өз есебінде кәсіподақ ұйымының атқарған жұмыстары жөнінде кеңінен баяндады.
Конференцияның күн тәртібіндегі негізгі мәселе — «Ауылшаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе облысы бойынша филиалының 2019-2024 жылдар аралығында атқарған жұмысы туралы есеп беру, сондай-ақ филиалдың жаңа Кеңес мүшелерін, оның төрағасын, атқару комитетін және ревизиялық комиссиясын қайта сайлау болды.
Қазіргі уақытта салалық кәсіподақтың Ақтөбе облысы бойынша филиалында 3 мыңға жуық кәсіподақ мүшесі бар. Соңғы жылдары кәсіподақ мүшелерінің қатары айтарлықтай толығып келеді. 2023 жылы Муғалжар, Қобда аудандарынан – 2 бастауыш ұйымы 89 мүшесімен құралған болса, биыл 2024 жылы осы бес айдың ішінде Байғанин, Қарғалы және Хромтау аудандарынан – 3 бастауыш кәсіподақ ұйымы 49 мүшесімен құрылды.
Бүгінгі таңда ҚР Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіподағы мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға байланысты сенімді серіктес болып табылады. Мәселен, «Ауыл — ел бесігі» жобасына кәсіподақ мүшелері белсенді қатысуда.
Сондай-ақ өңірде ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Өткен жылы «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыруда осы салаға мемлекет тарапынан 14,5 миллиард теңге бөлініп, осындай қолдау нәтижесінде 462,8 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, пайдаланылмай жатқан 350 мың гектардан астам ауылшаруашылық жері мемлекет меншігіне қайтарылды. Былтыр «Ауыл аманаты» жобасына сәйкес 7,3 миллиард теңгелік 1627 жобаға несие беріліп, ауылдық елді мекендерде 173 мың құс алынып, 209,8 гектарға картоп, көкөніс, басқа да бау-бақша өнімдері егілді. Бұл шаруаларды атқаруда кәсіподақтары тарапынан қолдау, насихаттау-ақпараттық жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Өндірістің қай саласының да өркендеуі еңбек адамының беделін көтеру арқылы өз нәтижесін беретіндігі жиында сөз алғандар пікірлерінде қадап айтылды.
«Ақтөбенан» ЖШС директорының орынбасары Роза Ғабидуллина бүгінгі күні аталған ұжымда жұмысшылардың мүддесі жан-жақты қорғалатынын, кәсіподақ мүшелерінің белсенділігі туралы жан-жақты баяндап берді.
Ақтөбе облысындағы ауыл шаруашылығы құрылымдары арасында Әйтеке би ауданындағы Виталий Волынец басқаратын «Комсомол» ЖШС-ның ұжымдық келісімшарты үздік деп табылды. Мұндағы кәсіподақ ұйымының төрағасы Әкімжан Баймышев өзара үйлесімді жұмыс нәтижесінде жоғары еңбек өнімділігі мен өндіріс рентабельділігіне қол жеткізіп отырғандықтарын айтады.
Ақтөбе облыстық аумақтық ветеринарлық бақылау және қадағалау инспекциясының кәсіподақ ұйымының жетекшісі Мырзабай Кинбаев өз ұжымындағы қоғамдық ұйым қызметіне кеңінен тоқталып, кейбір толымды тәжірибелерімен бөлісті.
Қазақстан Кәсіподақтары федерациясының алға қойған мақсаттары, жаңашылдық бастамалары және Еңбек жылы аясындағы жүйелі жұмыстары жөнінде баяндай келіп, «Біз әлеуметтік әріптестермен өзара ынтымақтастық нәтижесінде әлеуметтік жеңілдіктерге қол жеткіземіз», — деп атап өтті Егор Каппель.
Конференция барысында Тұрақбай Сұлтанғалиев бірауыздан «Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы болып қайта сайланды.
Жиында кәсіподақ қозғалысының белсенділері мен бір топ ардагер «Елеулі еңбегі үшін» медалімен және «Еңбек даңқы» төсбелгілерімен марапатталды.