ҚРКФ және шетелдік серіктестер климаттың өзгеруі жағдайында жұмысшыларды қорғаудың бірыңғай тәсілдерін әзірлеуде

27маусымда Алматыда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Халықаралық еңбек ұйымымен бірлесіп ұйымдастырған «Кәсіподақтардың климаттың өзгеруіне қатысты әрекеттері» атты халықаралық конференция өз жұмысын бастады.

Конференция жұмысына Әзербайжан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан кәсіподақтарының өкілдері, сондай-ақ Халықаралық еңбек ұйымымен Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының сарапшылары қатысты.

Кездесуді аша отырып, Еуропа және Орталық Азия бөлімінің меңгерушісі ACTRAV/ХЕҰ Сергеюс Гловацкас бұл конференция өткен жылы Баку мен Шымкентте өткен климаттың өзгеруі мәселелері бойынша кездесулердің жалғасы екенін айтты.

Ол сондай-ақ климаттың өзгеруі мәселесі біздің заманымыздың басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті.

«Климаттың өзгеруі адам өмірінің және қоғамдық өмірдің барлық салаларына, соның ішінде үкіметтер мен институттардың әлеуметтік қамсыздандырудың құқығын жүзеге асыру қабілетіне әсер етеді”, – деп атап өтті халықаралық сарапшы.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин өз сөзінде климаттың өзгеруіне және климаттан туындаған тәуекелдерге қарсы күресте әлеуметтік қорғаудың маңыздылығын мойындау елдерді бейімделу бағдарламаларын әзірлеуге және біртіндеп жүзеге асыруға итермелегенін атап өтті. Олар әлеуметтік көмек, әлеуметтік сақтандыру және еңбек нарығына белсенді араласу арқылы климаттық тәуекелдердің теріс әлеуметтік-экономикалық салдарын азайтуға бағытталған.

«Осыған байланысты, әділ көшу идеялары климаттық өзгерістер мен қоршаған ортаның тозуының жұмысшылар мен еңбек нарығына теріс әсерін еңсеру үшін қажетті шартқа айналады.Олар жасыл экономикаға көшу кезінде зардап шеккен әрбір адам үшін өмір сүру деңгейін, табыс пен жұмысты сақтау кепілдігін береді. Соңғы онжылдықтардағы жаһандық жылынудан айтарлықтай зардап шеккен Қазақстан климаттың өзгеруі мәселелерін мемлекеттің басты мәселелер қатарына қосуда. Ел басшылығы түрлі алаңдарда климаттық өзгерістердің қоғамның жұмыс істеуіне және азаматтардың тыныс-тіршілігіне кері әсерін болдырмау жөнінде уақтылы және тиімді шаралар қабылдаудың қажеттілігін атап көрсетеді, бұған Қазақстан Республикасының «Жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдаманың қабылдануы, сондай-ақ 2023 жылы Экологиялық кодекске өзгерістер енгізу және ұлттық деңгейде айқындалатын үлесті жаңарту (ҰДАҮ) дәлел бола алады»,- деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.

ҚРКФ басшысы атап өткендей, Қазақстан Париж келісімін ратификациялаған және 2060 жылға дейінгі көміртекгі бейтараптығына жету стратегиясын қабылдаған аймақтағы алғашқы ел болды. Ол сондай-ақ биылғы жылы Қазақстан мен Франция Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясының алаңдарындағы One Water бірінші тақырыптық саммитіне тең төрағалық ететінін еске салды.

«Сондай-ақ, Астананың 2026 жылы БҰҰ қамқорлығымен Өңірлік климаттық саммит өткізу ниеті жарияланды. Биылғы жылы Қазақстанда климаттың өзгеруі, азық-түлік тапшылығы мен энергетикалық қауіпсіздікті қоса алғанда, өткір проблемаларды шешу үшін күш-жігерді біріктіру жөніндегі шараларды талқылауға арналған «Бірге үздік әлем құрамыз» ұранымен 2-ші Халықаралық Астана форумын өткізу жоспарланғаны белгілі. Бұл форум Қазақстандағы қатты су тасқынына және ауқымды қираудың салдарын жоюға және ел азаматтарына көмек көрсету қажеттілігіне байланысты тоқтатылды», – деді ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.

Оның айтуынша, табиғи апат жаһандық климаттық өзгерістердің салдары болды.

«Бүкіл ел үшін күрделі кезеңде мемлекет пен қоғамның бірлескен әлеуметтік жауапкершілігі ерекше маңызды. Еліміздің барлық салалары мен аймақтарындағы Кәсіподақтар федерациясы мен оның мүшелік ұйымдары мемлекетпен біртұтас майданда болып, зардап шеккендерге көмек көрсетуге бірден кірісті. Кәсіподақ қызметкерлері су қорғау құрылымдарын нығайту, адамдарды тасымалдау, азық-түлік жеткізу жұмыстарына жеке атсалысып, облыстық қоғамдық штабтар мен аймақтардағы еріктілер қозғалысының жұмысына белсене қатысты, қиын жағдайда қалған азаматтарға жан-жақты заңгерлік көмек көрсетті», — деді Сатыбалды Дәулеталин.

Зардап шеккендерге қолдау көрсету шаралары туралы айта келе, кәсіподақтар зардап шеккендерге көмек ретінде барлығы 225 миллион теңге материалдық және 14 миллион теңгеге жуық тауарлық көмек көрсеткенін айтты. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы кәсіподақ шипажайларынан мұқтаж жандарға 269 орын бөлу туралы шешім қабылдады. Бұл  кезеңде ҚРКФ шипажайларына 179 адам орналастырылды, оларға оңалтудан өтуге, сондай-ақ психологиялық және қажетті заң көмегін алуға мүмкіндік берілді.

«Соңғы жылдары Қазақстан жаһандық климаттық өзгерістердің барлық көріністерін айтарлықтай бастан кешіруде. Климаттың өзгеруіне байланысты Қазақстанда қалыптан тыс температура жағдайлары жиі тіркелуде. Бұл адам мен биологиялық түрлі салалаына, сондай-ақ экономиканың әртүрлі секторларына кері әсерін тигізеді. Бұған жол бермеу үшін біз екі бағытта әрекет етуіміз керек: атмосфераға парниктік газдар шығарындыларын азайту және ағымдағы және алдағы өзгерістерге бейімделу», – деді ҚРКФ басшысы.

Сатыбалды Дәулеталин кәсіподақтар үшін бейімделу – көміртегі төмен қоғамға көшу кезінде жұмысшыларды жұмыспен қамтуды және әлеуметтік қамсыздандыруды қамтамасыз ету бойынша өздерінің Әділ көшу саясаты мен іс-қимыл жоспарын әзірлеу және ілгерілету қажеттілігінен тұрады деген пікір білдірді.

Сонымен қатар, ол кәсіподақтар ұлттық тұрақты даму саясатын әзірлеуде, жүзеге асыруда және мониторингінде белсенді рөл атқарып, барлық деңгейдегі әлеуметтік диалогқа қатысуға ықпал етуі керек деп санайды.

«Климаттық дағдарыс ұлттық және жаһандық теңсіздікті күшейтіп, экономиканың зардап шеккен секторларындағы жұмыс орындарын жойып, жұмысшылардың денсаулығы мен әл-ауқатына қауіп төндіретін кезде кәсіподақтар жұмысшылардың құқықтарын қорғау үшін барлық қолда бар ресурстарды пайдалануы керек. Климаттың өзгеру процестері тек қауіп төндіретінін ғана емес, сонымен қатар жаһандық ынтымақтастықты жеделдететінін бүгінгі конференция дәлелдеп отырғанын атап өткен жөн. Бұл тақырыпты кәсіподақтар жұмысындағы басымдыққа айналдырғымыз келсе, барлығымыз болып жатқан оқиғалардан хабардар болу үшін бірлескен шараларды көбірек өткізуіміз керек», – деп қосты ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин.

Өз кезегінде ХЕҰ-ның Климаттың өзгеруі және әділ көшу мәселелері жөніндегі нұсқаулықтары туралы ХЕҰ/ACTRAV бағдарламалары жөніндегі аға маманы Лена Олсен қатысушыларға айтып берді.

«Әділ көшудің» барлық аспектілері әлеуметтік бағытта болуы керек және халықаралық еңбек стандарттары барлық жерде қолданылуы керек және кез келген өзгерістер ең алдымен жұмысшылар үшін әділ болуы керек. Бұл ұлттық деңгейде де, жергілікті деңгейде де саясатты және, әрине, Халықаралық еңбек ұйымының конвенцияларын ратификациялауды талап етеді», – дейді ХЕҰ сарапшысы.

Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының қабылдап жатқан шаралары туралы ақпаратты ХЕҰ-ның БЕАК атқарушы хатшысы Антон Леппик және ХЕҰ жаһандық климат саясаты үйлестірушісі Берт де Велл бөлісті.

Сарапшылар әлемде өнеркәсіптік өндірістің жаһандық трансформациясы жүріп жатқанын және ол COP29 келісіміне қол жеткізілгеніне қарамастан жалғасатынын атап өтті

ХКК өкілдері кәсіподақтарды әлеуметтік әділеттілік қағидаттарына негізделуге және барлық жұмысшылар үшін, соның ішінде парниктік газдар шығарындыларын шектеу шаралары әсер етуі мүмкін салаларда жетістікті жоспарлауда көшбасшы болуға шақырады.

«Жұмысшылар, олардың отбасылары, қауымдастықтары мен кәсіподақтары табыс, жеңілдіктер мен мүмкіндіктер мәселелерінде бірігуі керек. Қоршаған

ортаны қорғау қызметінің барлық шығындары жұмысшылар мен әлемдегі ең осал топтардың мойнына түсуіне жол бермеу керек. Бірақ Әділ көшу бағдарламасы жүзеге аспаса, осы адамдар зардап шегеді», – деп атап өтті Антон Леппик.

«Климаттың өзгеруі жұмысшы қозғалысы жақтайтын қағидаттарға, яғни теңдік, әлеуметтік әділеттілік, лайықты еңбекке қауіп төндіреді. COP29-да қол жеткізілген кез келген келісім соңғы сөз емес, ол басталған жолдың жалғасы болады», – деді Берт де Велл.

Сарапшылардың пікірінше, тұрақты өнеркәсіптік саясатты қамтамасыз етуге және кешенді әділ ауысу бағдарламаларын жүзеге асыруға ықпал ететін климаттың өзгеруінің алдын алу шаралары туралы келісім жұмысшы қозғалысы тарихындағы ең жақсы мүмкіндіктердің бірі болуы мүмкін.

Конференция барысында әртүрлі өңірлерде жүргізілген жобалар, бастамалар мен зерттеулер қаралды, оларды қатысушыларға Әділ көшу бағдарламасы шеңберінде кәсіпорындарды дамыту және жасыл жұмыс орындары жөніндегі аға маман Кристина Мартинес ұсынды.

Топтық талқылаулар климаттың өзгеруінің әртүрлі бағыттарын және олардың экономиканың әртүрлі секторларына әсерін қарастырды. Қатысушылар климаттың өзгеруі жұмыс ортасы мен біліктілік талаптарын өзгертуді қажет етуі мүмкін екенін атап өтті. Сондай-ақ, кәсіподақтардың өзгермелі климат жағдайындағы жұмысы кезінде жұмысшылардың құқықтарын қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде белсенділік танытуы қажет екендігі айтылды.