Лайықты еңбекке лайықты құрмет көрсетілді. Қызылорда облыстық «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіподағы төрағасы Сәулебек Ысқақов Қызылорда облысы әкімдігінің Құрмет Грамотасымен марапатталды.
Халыққа қалтқысыз қызмет еткен ақ халатты абзал жандардың еңбегінің нәтижесі әрбір адамның денсаулығының жақсаруы мен өмірінің сақталуында жатыр. Ұлт саулығының жауапкершілігі артылған ауқымды саланың әрбір маманының еңбек өнімділігіне кәсіподақ ұйымы елеулі үлес қосып келеді.
Ысқақов Саулебек Есхожаұлы 1958 жылы Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында дүниеге келген. 1981 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтын балалар хирургы мамандығы бойынша тәмамдаған жас маман еңбек жолын өзінің туған қонысында Жаңақорған аудандық ауруханасында бастаған. 2018 жылы аудандық аурухананың бас дәрігері лауазымынан облыстық салалық кәсіподақтың төраға орынбасары болып сайланды. Жоғары дәрежелі хирург-травматолог Сәулебек Есхожаұлы негізгі мамандығы бойынша 2020-2023жылдар арлығында қызметін жалғастырды. Ұйымдастырушылық, талапшылдық қасиеттерімен әріптестерінің ықыласына бөленген Сәулебек Ысқақов 2024 жылғы наурыз айында денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің облыстық кәсіподақ ұйымы төрағасы болып сайланды. Денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелер мен сала қызметкерлерінің әлеуметтік-еңбек құқықтары мәселелерін көтеріп жүрген Сәулебек Есхожаұлы 3 рет Жаңақорған аудандық, 1 рет Қызылорда облыстық мәслихаты депутаты болып сайланған.
«Дәрігер болу – үнемі ізденісті қажет етеді. Себебі, ауру түрлері жаңаруда, өзгеруде. Мамандар алдына келген науқасты қалай сауықтырамын, қалай дертінен айықтырамын деп жүріп, өз уақытының зулап жатқанын аңғармай қалады. Халықтың денсаулығын ойлап, елдің ыстық ықыласына бөленіп жүрген сала мамандарының мүддесін білдіру – Кәсіподақтар үшін және мен үшін үлкен жауапкершілік және мәртебелі сенім. Облыстың ең жоғарғы марапаты Құрмет грамотасы жылдар бойғы саладағы еңбек пен сала қызметкерлерінің жанашыры қызметіме жасалған құрмет деп білемін» деп бөлісті өз ойымен марапат иесі Сәулебек Ысқақов.