«Су маржанының» сақшыларына– лайықты құрмет

Балық шаруашылығы қызметкерлерінің дәстүрлі кәсіби мерекесіне орай бүгін Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясында мерекелік шара өтті. Ежелгі атакәсіптің тамырын үзбей, адал кәсіпті ұрпақтан ұрпаққа жалғап келе жатқан балықшылар қауымының мерекесіне қала мен аудандардан келген сала ардагерлері мен үздік мамандары шақырылды.
Мерекеге орай безендірілген инспекция ғимараты алдындағы табиғат аясында өткен басқосуды Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Нұрлыбек Ғайсин ашып, әріптестерін балықшылар күнімен құттықтады.
«Бүгінде балық шаруашылығы – аймақ экономикасында өзіндік орны бар, тұрмыстық-шаруашылық, тарихи мән-мағынасы жоғалмаған ата кәсібіміз ғана емес, береке-байлығымыз болып отыр. Олай болса, Атырау өңірінің балығын өсіріп, оны қорғау мен молайтуға аянбай үлес қосып жүрген сіздердің қиындығы мен қызығы қатар жүрген еңбектеріңіз толайым табысқа толы болсын дей отырып, шаңырақтарыңызға шаттық, құт-береке тілеймін!»,- деп тілегін жеткізген «Ауыл шаруашылығы қызметкерлері салалық кәсіподағы» РҚБ Атырау облыстық филиалының төрағасы Жұмазия Есімова балық қорғау инспекторлары Тыныштық Ибраевқа, Нұрлан Әбдрахмановқа, Бейбіт Айсағалиев пен Батырғали Атаниязовқа Ауыл шаруашылығы қызметкерлері салалық кәсіподағының І дәрежелі «Еңбек Даңқы» төсбелгісін табыстады.
Жиында облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Қалиева, облыстық мәслихаттың депутаты Айбар Ерекешов құттықтап, ізгі тілектерін жолдады. Бір топ сала үздіктері облыс әкімінің, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының, облыстық мәслихаттың Алғыс хаттарымен марапатталды.
Балық шаруашылығы саласын дамытуға үлес қосқан еңбек ардагерлеріне де құрмет көрсетіліп, кәсіподақ ұйымы атынан ескерткіш сыйлықтар ұсынылды. Кәсіби мереке қарсаңында «су маржандарын» қорғау, браконерлікке қарсы күресті күшейту мақсатында инспекция үшін облыстық әкімдіктің қолдауымен жергілікті бюджеттен бөлінген қаражатқа алынған бес қайық пен катер, мұзда жүретін бір үрмелі қайық, жол талғамайтын екі-екіден жеңіл автокөлігі мен квадроциклдің кілттері табыс етілді.