Абай облысы әкімінің орынбасары Әділбек Мұсабаевтың төрағалығымен Абай атындағы әмбебап кітапханасында дөңгелек үстел өтті. Күн тәртібінде цемент өндіру кәсіпорындары арасында тәжірибе алмасу бойынша әр-түрлі мәселелер қозғалды. Дөнгелек үстелге Бақылау басқармасы (МСҚБ еңбек инспекциясы) , «Атамекен» ҚР ҰКП Абай облысы бойынша филиалы, Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті, ҚР Төтенше жағдайлар министірлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздігі комитетінің Абай облысы бойынша департаменті және «Абай облысы кәсіподақтар орталығы» АКБ өкілдері қатысты.
Отырысты облыс әкімінің орынбасары Әділбек Мұсабаев ашты. Ол 2024 жылғы 26 маусымда «SHARCEM (ШАРЦЕМ)» ЖШС жедел деректері бойынша 70 қызметкерден тұратын қызметкерлер тобы жұмыс берушіге талаптар қойып, бірнеше маңызды шешімін таппаған мәселелер бар екенін атап өтті.
Нақтылап айтқанда – жалақыны 30% көтеру; жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз ету; бөлімшелердегі жалақы мөлшері разрядтар бойынша тарифтік коэффициенттер негізінде қызметкердің біліктілігіне қарай саралап белгіленбеуі; «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» заңға сәйкес радиациялық тәуекел аймақтарында тұрғаны үшін жалақыға қосымша төлемдер төлеу және қызметкерлерге жыл сайынғы қосымша ақылы демалыстар беру; бос жұмыс орындарын толтыру; ақылы демалыс беру мен демалыс кестелерін жасау; зиянды еңбек жағдайлары үшін қосымша еңбекақы және сүт немесе оған теңестірілген тамақ өнімдерін беру; лауазымдарды қоса атқару және уақытша болмаған қызметкердің міндеттерін орындау (ауыстыру) кезінде еңбекақы төлеу; міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын аудару сияқты мәселелер көтерілді.
Осыған орай облысы әкімі Нұрлан Ұранхаевтың төрағалығымен 2024 жылғы 5-ші шілдеде өткен Әлеуметтік әріптестік және – еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссия отырысының хаттамалық тапсырмасының 1.2 тармағын орындау мақсатында «SHARCEM (ШАРЦЕМ)» ЖШС және «Семей Цемент зауыты» ӨК» ЖШС арасында тәжірибе алмасулар жоспарланды.
Дөңгелек үстел барысында Семей Цемент зауытының қызметкерлері өздерінің жұмыс тәжірибелерімен бөлісіп, «ЗУБР» Консалтинг-орталығымен келісімге отырып орталықтың көмегімен жұмысты ұйымдастыруды ұсынды. Алдағы уақытта зауыттар өз жұмыстарын ұйымдастыру бойынша үнемі байланыста болатындығы айтылды.
Отырысқа «Абай облысы кәсіподақтар орталығы» АКБ төраға орынбасары Досжан Байқадиев қатысты. Өз сөзінде Абай облысының кәсіподақтар орталығы құрылып, өз жұмысын бастағанын және кәсіподақтар мүшелерінің саны облыс бойынша 60 мыңнан асатынын, оның ішінде 751 бастауыш ұйымының, 9 салалық кәсіподақ филиалдарының және 8 жергілікті кәсіподақтың жұмысын үйлестіріп отырғанын баяндады.
Кәсіподақ ұйымы – жұмыскерлердің кәсіптік және әлеуметтік-еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін ерікті түрде құрылады. Осы ретте “SHARCEM (ШАРЦЕМ)” цемент зауытында бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылмағаны айтылды. Бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылған жағдайда облыстық үшжақты келісімнің негізінде қозғалған барлық сұрақтарды ұжымдық шартқа еңгізуге болатындығына тоқталды. Қорытындылай келе Кәсіподақтың әрбір мүшесінің әлеуметтік-еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған “YNTYMAQ” орта және шағын бизнес қызметкерлерінің Қазақстандық салалық кәсіподағы филиалының қатарына қосылуға ұсыныс білдірді.
Отырыс соңында облыс әкімінің орынбасары Әділбек Мұсабаевтың төрағалығымен Еңбек инспекциясы және Абай облысы кәсіподақтар орталығымен бірге келесі аптаның аяғында “SHARCEM (ШАРЦЕМ)” цемент зауыты қызметкерлерімен кездесу жоспарланды.