Ағымдағы жылдың 12 шілдесінде Семей қаласының “Балалар және жасөспірімдер” кітапханасында “Балаларға күн шуағын шашайық” атты шара өтті. Бұған дейін әйелдер ісі жөніндегі комиссияның үйлестірушісі, бас маман Гүлмира Нұғыманова «АМАНАТ» партиясының әйелдер қанатының бастамасымен қолға алынған «Балаға уақыт сыйла» акциясына белсенді қатысу туралы ұсынысын «Қазақстан мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері салалық кәсіподағының» Абай облыстық филиалы қолдаған болатын.
Акцияның мақсаты – отбасы институтын нығайту болғандықтан, әрбір жанұядағы береке-бірлік – әр сәбидің, әр баланың болашақ қадамы мен бақытты жүзінде, яғни «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, бала тәрбиесінде және оның дара тұлға болып қалыптасуында ата-ананың рөлі мен отбасы құндылығының маңызы өте зор.
Бұл іс-шараға “Ақ ұлпа аналары”, “Жанұя” орталығының жетекшісі Сулейменова Анара Абетаевна мен көп балалы отбасылар қатысты. Кітапхана қызметкерлері шараға шақырылған балаларға ең алдымен мекемеге саяхат жүргізді және кітап көрмесімен таныстырды. Көрмеге балаларға аналған түрлі- түсті бояумен әшекейлеген кітаптар мен журналдар қойылған, соның ішінен оларды қызықтырған 3D форматта басылып шыққан кітаптар. Сонымен қатар, балалар викторина сұрақтарына жауап беруде өздерінің білімділігін танытып,“Кітап театры” аясында ертегілер қойылымын көріп, танымдылық пен тапқырлықты дамытатын ойындарға да белсенді қатысты. Бұл іс-шара Семей қаласының № 1 балалар музыка мектебінің оқушылары концерттік бағдарламасымен келіп, оқушылардың қошеметіне бөленді. Балаларға арналған бағдарлама көңілді би билеумен аяқталды.
Іс-шараның соңында «Абай облысының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің жанындағы жұмыс істейтін әйелдер ісі жөніндегі комиссияның мүшесі Гульсара Баймагамбетова және үйлестірушісі, орталықтың бас маман Гүлмира Нұғыманова, «Қазақстан мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері салалық кәсіподағының» Абай облыстық филиалының төрағасы Гүлнар Оразбекова балаларға арнайы және тәтті сыйлықтар тапсырды.