Ұлттық спортымыз Асық атудан Ақтөбе қаласында тарихта тұңғыш рет «Алаш сақасы» республикалық турнирінің финалдық кезеңі дүркіреп өтті. Турнирге Астана, Шымкент қалалары мен Ақтөбе, Ақмола, Алматы, БҚО, Жамбыл, Маңғыстау, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Түркістан және Ұлытау облыстарынан келген 30 сұрмерген өзара бәсеке көрігін қыздырды.
Дүбірлі доданы Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Әлібек Байнешов өзінің құттықтау сөзімен ашып, қатысушарға сәттілік тіледі. Одан кейін ҚР Асық ату федерациясының атқарушы директоры Азамат Манапов асық ату спортын дамытуға қосқан елеулі үлестері үшін Асық ату спортының негізін қалаушы Жомарт Сабыржанұлы мен Ақтөбе облыстық Асық ату федерациясының президенті Әбілқайыр Сотқаровтарты «Асық спортының қайраткері» төсбелгісімен марапаттаса, осы байрақты бәсекеге демеушілік қолдау көрсеткен Дөң кен байыту комбинаты кәсіподақ комитетінің төрағасы Елтай Өтеғұлов пен Алға аудандық «Жұлдыз-Звезда» газетінің құрылтайшысы Рашид Кусаиновке Алғыс хат табыс етті.
Қазақ күресінен тұңғыш Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы, Қазақ күрес федерациясының тұңғыш президенті, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Ерғали Мұхитдинов пен Қазақ күресінен «Қазақстан барысы» жобасын тұңғыш рет Сыр өңірінде өткізуші, Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы, «Құрмет» орденінің иегері, Қызылорда қаласының құрметті азаматы Садық Мұстафаев асықшыларға сәттілік тілеп, «Алаш сақасы» турнирі «Қазақстан барысы» секілді ауқымды жобаға айналсын деген тілектерін жеткізді.
Ақтөбе облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басышсы Евгений Гончаров Асық ату спорстының негізін қалаушы Жомарт Сабыржанұлына ақтөбелік спортшылар атынан шапан жауып құрмет көрсетті.
Осыдан кейін Қарағанды облысынан келіп отырған ұлттық санаттағы төреші Амангелді Нұрмұханов биылғы су тасқынынан зардап шеккен көп балалы ана Эльвира Нұржауғанқызына турнирге қатысушы асықшылардың атынан 200 000 теңге қаржылай көмек табыс етіп, үлкен сауапты іс жасады.
Ашылу салтанатына келген құрметті қонақтар дәстүр бойынша асық атып, турнирді бастап бергеннен кейін жеребе тарту рәсімі өтіп, көптен күткен дүбірлі дода басталып кетті. Асықшыларға «Аққу» би ансамблі «Бұлғын сусар» биімен шашу шашса, белгілі әнші Айбат Махашев жергілікті сазгер Бақтығали Жұмалиннің «Ақтөбе» әнін тарту етті. Облыстық халық шығармашылығы үйінің «Әдеп» тобы өз өнерлерін көрсетті.
Турнир өте тартысты өтті. Олай болатын себебі, бұл – үздіктердің үздіктері бас қосқан дода. Барлығы да өз өңірлерінен топ жарып, ел намысын арқалап келген сайыпқырандар. Араларында құралайды көзге атқан мергендері де бар.
Нәтижесінде жүзден жүйрік шыққан Түркістан облысының асықшысы Амандос Айтқұлов шашасына шаң жұқтырмай тұңғыш «Алаш сақасы» атанды. Екінші сатыдан Ақтөбе облысының намысын қорғаған Ғарышбек Құлыбек көрінді.
Түркістан облысынан “Тау адам” деген лақап атпен қатысқан, ұлттық құраманың мүшесі Амандос Айтқұловпен болған финалдық ойында үздіктердің үздігіне ерекше қарсылық көрсетті. Тіпті бірінші ойында жеңіске жетті. Бірақ мықтының аты мықты екенін “Тау адам” дәлелдеп жеңістің биік тұғырынан көрінді.
Жүлделі үшінші орынға Павлодар облысының асықшылары Жомарт Нұрланов пен Қуаныш Қабылда ие болды.
Осылайша қазақ спортының, оның ішінде ұлттық спорт тарихында алтын әріппен жазылып қалатын байрақты бәсеке өз мәресіне жетті. Жеңімпазға ҚР Туризм және Спорт министрілігі, Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің дипломдары мен ұйымдастырушылар атынан Алтын белбеу, медаль және 300 мың теңге қаржылай марапат табыс етілді. Жеңімпаздың бапкері 100 мың теңгеге ие болды. Күміс жүлде иесіне 200 мың теңге мен күміс белбеу берілсе, бапкері 75 мың теңгені қанжығаға байлады. Қос қолаға иелік еткендердің әрқайсысына 100 мың теңге мен қола белбеу және олардың бапкерлері 50 мың теңгеге қол жеткізді.