Ақтөбелік металлург су тасқыны кезінде халыққа көрсеткен қолдауы үшін «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Қиын шақта бір-бірімізге деген көмегіміз, қолдауымыз, бір сөзбен айтқанда, адамгершілігіміз сыналады. Су тасқыны кезінде бір-біріне қол ұшын созған халық жұмыла әрекет етті. Тізе қосып, бірлесе жұмыс істеген азаматтардың арқасында табиғи апатқа тосқауыл бола алдық. Осы ретте «елім дейтін ер болмаса, ерім дейтін ел қайдан болсын» деген аталы сөзді қолдануға негіз бар. Бұған ақтөбелік Изат Әленов дәлел бола алады. Ақтөбе ферроқорытпа зауытында еңбек етіп жүрген металлург Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 14 маусымдағы жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Кәсіпорын қызметкерлерінің адалдығы мен жетістіктіктері – компания үшін зор мәртебе. Ал оның металлургтер күні қарсаңында еленуі – екі есе қуаныш. Әріптестері мен жас қызметкерлерге азаматтықтың үлгісін көрсетіп жүрген Изат кәсіпорын мерейін тасытқандай. Ұжым ол үшін қуанып, құрмет пен қолдауын аямайды. Оның ERG-ге қарасты «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Ақтөбе ферроқорытпа зауытының мүшесі атанғанына көп бола қоймаса да, мінезді, өз ойын ашық айта алатын, жұмысты жауапкершілікпен орындайтын қызметкер маңайына еңбегімен сыйлы. Изат Аманжолұлына мемлекеттік марапатты Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров табыстады.

Зауыттағы слесарь-жөндеушінің ең сүйікті ісі – балық аулау. Спорттың бұл түрімен 2014 жылдан бері шұғылданатын кейіпкеріміз осы ісіне арнап, балық аулау құралдары дүкенін ашамын дегенде су тасқыны басталып, жүргізгелі жатқан кәсібі халыққа дер кезінде көмек болды. Сол тақырыпқа ойыссақ.

Апат айтып келмейді. Алаңсыз отырған елді бір күнде су басқанда Изат секілді жігіттердің суырылып шығып, азаматтық танытуы ертеңгі күнге сенміділік ұялатады. Ақтөбеде Изат құрған балықшылар командасы бар. Балық аулап қана қоймай, өңірдегі көмекке мұқтаж жандарға жылу жинап, қайырымдылықпен айналысатын бір топ жігіт су тасқынымен күрестің алғы шебінде болды.Изат сауда ісін көптен бері ойына алып, дүкенді наурыз айының соңына ашуды жоспарлағанда, осы айдың жиырмасы күні Ақтөбеде су тасқыны басталды. Көптің есінде болар. Осы кезде ол өзінің қолданып жүргенсу етік, қайық, құтқару күртешелерін адамдарға ұстата салып, ойланбастан қолынан келген көмекті аямады. Кейін сатылымға шығарғалы отырған тура осы тауарлардың барлығын ағайынға таратып, ал қасындағы жолдастары адамдарды қауіпсіз аймаққа көшіруде аянып қалмады.Оған қоса ол бірнеше жылдан бері инстаграмда блогын жүргізіп, ютуб-каналын ашып, кәсібінің қыр-сырымен бөлісетін. Сол әлеуметтік желілер арқылы халыққа көмектесіп жүрген жігіттің бұл ісін иснтаграмда Парламент Мәжілісінің депутаты Дәулет Мұқаевтың көзі шалып, Изатқа хабарласып, көмек көрсететіндігін айтқан. Халыққа екі қайық пен мотор сұратқан Изатқа осылайша бірден 840 мың теңге ақшасын аударып, азаматтығын қолдап жіберіпті.

– Ауыр күндер артта қалды. Бір түсінгенім, бейбіт заманда еліңе қауіп төніп тұрса, қарап тұра алмайды екенсің. Менің орнымда кез келген адам бұндай кезде көмектесудің қамына кіріседі. Көз алдымызда адамдардың маңдай терімен салған үйлері суға кетіп, белден су кешіп жатқанда жүрегің елжіремей тұрмайды. Міне сол кезде бәрінің жағдайы тең түсті. Уақыт жоғалтпай, бір-біріне көмекке ұмтылды, – деп өткен шақты есіне алды Изат Аманжолұлы.– Біздің балықшылар тобы «Солнечное» демалыс базасынан Ақтөбе ферроқорытпа зауытына дейінгі аралықты, «Жилянка», «Кірпіш зауыты» және басқа да аумақтарда бірнеше күн бойы адамдарды қауіпсіз жерге көшірумен айналысты. Командамыз 38 адамнан тұрады. Бірлігіміз жарасқан топпыз. Президент марапатына осы топтан үш адам ілігіп, атымыз аталды. Алайда біз медаль үшін, болмаса мақтан үшін емес, елдің амандығы үшін күш біріктірдік, – деді ол өз сөзінде.