Қызылордада облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналиновтың төрағалығымен Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның кезекті отырысы өтті.
Комиссия отырысына аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Мақсұт Нәлібаев, салалық кәсіподақтар мен жұмыс берушілер бірлестіктерінің өкілдері, облыстық басқармалар мен мүдделі мемлекеттік органдардың басшылары және Қызылорда каласы мен аудан әкімдіктері қатысты.
Комиссия отырысының күн тәртібінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне төлем төлеудегі өзекті мәселелер талқыланды. Жұмыскерлер үшін төлемдер дұрыс және уақытылы жүргізілуі күн тәртібінен түспей тұрған проблема, бұл мәселе өз кезегінде жұмыс берушілердің жауапкершілігі тұрғысын қадағалауды талап етеді.
Сонымен қатар комиссия Облыстық үшжақты келісім шеңберінде 2024 жылға арналған Өңірлік жұмыспен қамту картасының іске асырылу барысын талқылады. Комиссия отырысы төрағасы қаралған мәселелер бойынша тиісті тапсырмалар берді.