Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды

Бүгін, Кәсіподақтар үйінде, «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі және «Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық Қорының Шымкент қаласындағы филиалы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.


Шымкент қаласы АКБ төрағасы Алтеев Бауыржан Ілімшаұлы және «Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық Қорының Шымкент қаласындағы филиалы төрайымы Ағабекқызы Эльенора арасындағы түзілген меморандумға сәйкес екі жақ еңбек адамына лайықты құрмет көрсетуді, жұмыскердің қабілеті мен ортақ іске қосқан үлесіне сай еңбекақы төлеуді, жұмысқа қолайлы жағдай жасауды, жұмыс орынында қауіпсіздікке кепілдік беру бойынша қоғамдық бақылауды ұйымдастыру шеңберінде ынтымақтастықты дамытуға үлес қосуды көздейді.


Жалпы, «Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық Қоры қаламыздағы адам құқықтары және еңбек адамының құқықтарын сақтау жөнінде жұмыс жасап келе жатқан белсенді ұйым және алдағы уақытта Шымкент қаласының кәсіподақтар орталығымен де бірлескен жобалар және іс-шаралар өткізіп, нәтижелі жұмыс істеуге ниетті екендерін көрсетті.