Бүгін, ағымдағы жылдың 30 шілдесінде Әлихан Бөкейхан атындағы университетте «Alikhan Bokeikhan University» білім беру мекемесі атынан вице-президент Жаныл Курманбаева және «Абай облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Зәуреш Исабаева өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.
Меморандумның мақсаты – құқықтық және ақпараттық қызмет саласындағы ынтымақтастықты нығайту және дамыту.Меморандум «Абай облысының кәсіподақтар» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің Заң клиникасы жанындағы «Татуласу орталығының» жұмысын ұйымдастыру, «Татуласу орталығында» қызмет көрсететін тұлғаларды оқытуда өзара іс-қимылды қарастырады.
Тараптар Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын қолдану және одан әрі дамыту мәселелері бойынша дөңгелек үстелдер, семинарлар, ғылыми-тәжірибелік конференциялар түріндегі кездесулерді ұйымдастыруға және өткізуге; облыс тұрғындарына тегін заңгерлік (кеңес беру) қызметтерін көрсету үшін университеттің соңғы курс студенттерін волонтер ретінде тартуға; Абай облысының кәсіподақтар орталығы базасында университет студенттеріне тәжірибе өтуді ұйымдастыруға; қоғамдағы жанжалдарды азайтуға; азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталған бірлескен жобаларға қатысуға; тараптардың құзыреті шегінде ынтымақтастықтың басқа да нысандарын жүзеге асыруға келісті.
Бұл Меморандум ынтымақтастықтың бірқатар перспективалық бағыттарын дамытуға және университет пен Абай облысының кәсіподақтар орталығы арасында серіктестік қарым-қатынас орнатуға жақсы негіз болып табылады.