Адам құқықтары жөніндегі Ұлттық орталықтың Атырау облысы бойынша өкілдігімен «Atyrau Power Construction-2000» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысшыларының еңбек қатынастарына қатысты ұжымдық арыз-шағымдары қаралды.
Жиынға Атырау облысы мемлекеттік еңбек инспекциясы басшысы Игілік Әубәкіров, облыстық кәсіподақтар ұйымы төрағасының орынбасары Еділ Ұзақбай, «Теңізшевройл» ЖШС, Консолидейтед Контрактинг Ининиринг & Прокьюрмент С.А.Л.-Офшор, «Atyrau Power Construction-2000» ЖШС және БАҚ өкілдері шакырылды.
«Atyrau Power Construction-2000» ЖШС директоры еңбек және ұжымдық шарттардың толық көлемде жұмыс берушімен және жұмысшылардың араларында сақталмау себебі 202 926 814 теңге ақша қаражаттарының келісім шарт негізінде атқарылған қызмет үшін «Теңізшевройл» ЖШС және Консолидейтед Контрактинг Ининиринг & Прокьюрмент С.А.Л.-Офшор кәсіпорындарынан уақытылы төленбеуінен болғандығы жөнінде ақпарат берді.
Отырыс барысында Адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің Атырау облысы бойынша өкілі Амангелді Абдолов Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы Қазақстанның Конституциясына негізделеді және ҚР-ның Еңбек Кодекстен, ҚР-ның заңдарынан және ҚР-ның өзге де нормативтік құқықтық актілерден тұратынын басып айтты. Сәйкесінше, қай кезде болмасын еңбек адамының мәртебесі жоғары және оның құқықтары Конституциямен қорғалатынын алға тартты. Сондықтан өкілеттікке келіп түскен ұжымдық арызды екі жақты егжей-тегжейлі қарастыруды, заңды шешімге келуді тапсырды.