Заң клиникасында кезекті қабылдау жүргізілді

Қоғам дамуының басты қағидасы-еңбек. Елімізде «Кәсіптік одақтар туралы» заң бар. Кәсіподақтар бірлестігі еңбеккерлердің және кәсіподақ мүшелерінің еңбегі мен құқығын қорғайтын бірден бір ұйым.
Алайда, кәсіподағы жоқ әсіресе шағын кәсіпкерлік саласындағы жеке серіктестіктер жұмысшылардың еңбек құқығын бұзып, көп жағдайда олардың еңбекақыларын уақытылы, дұрыс немесе қандай да бір себептерді негізге ала отырып, мүлдем төлемей қалу деректері де қоғамда орын алып тұратыны рас.
Осы орайда, Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығының заң клиникасына Қарғалы ауданы Бадамша елді мекенінің тұрғыны «БИ-М-72» ЖШС-нің бұрынғы жұмысшысы Боран Құлманов бір топ еңбеккерлердің атынан, 2019-2023 жылдар аралығында төленбеген еңбекақы мәселесіне қатысты жүгінді.


Олар Ақтөбе облысы Қарғалы ауданының орталығы Бадамша селосындағы «дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің» құрылыс жұмыстарын жүргізіп, жұмыс беруші «БИ-М-72» ЖШС-нің диекторы Гаухар Аманалы жұмысшыларға осы уақытқа дейін жалақы төлемей келген.

Жұмысшылар жұмыс берушінің әділетсіздігіне шағымданып кәсіподаққа келді. Заң клиникасының жетекшісі Жомарт Нұршекенов олардың мүдделерін қорғаудың заңды тетіктерін жан-жақты түсіндірді.
Кәсіподаққа мүше емес еңбеккерлер жұмыс берушімен қатынастарда өз мүдделерін заң тұрғысында толыққанды қорғай алмай жататыны рас. Осы уақытқа дейін жұмысшылар жұмыс берушіге бірнеше рет жүгініп, жалақының төленуін талап еткен, алайда жұмыс беруші тарапынан талап орындалмаған. Ал бүгінгі күнде жоғарыда аталған Серіктестік өз қызметін мүлдем тоқтатқан.
Жұмысшылар өз еңбек құқықтарын қорғау мақсатында Ақтөбе облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасына да, шағым түсірген.
Алайда, Қазақстан Республикасы Президентінің 26.12.2019 ж. № 229 Жарлығымен, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен
2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін шағынкәсіпкерлік субъектілерін, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілерін тексерулерді және профилактикалық бақылауды барып жүргізуге мараторий енгізілген.


Бұл орайда, «БИ-М-72» ЖШС-і шағын кәсіпкерлік субъекті болғандықтан оған шағымданушылардың өтініші бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізу мүмкін емес екендігі айтылды.
Боран Құлманов бұл жауапқа қанағаттанбайтынын алға тартып, өзінің еңбек құқығын заң аясында қорғау үшін кәсіподақтың заң клиникасына жүгінді. Бұл тұрғыда Заң клиникасының жетекшісі Жомарт Нұршекенов азамат Боран Құлмановқа әрі қарай өз құқықтарын ҚР азаматтық заңнамасы шеңберінде қорғау үшін сот органына немесе мәселені медиация арқылы шешу үшін сотқа дейінгі органдарға да жүгінуге болатындығын жеткізді.
Сонымен қатар, Азаматтық іс жүргізу кодексінің 8-бабының 1-тармағына сәйкес, әркім бұзылған немесе даулы құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерін қорғау үшін белгіленген тәртіпте сотқа жүгінуге құқылы екендігін түсіндірді.
Қорыта келе айқын болғаны, кәсіподақ ұйымдары бар ұжымдар мен мекемелерде еңбек заңнамаларының нормалары ескеріліп, өрескел заң бұзушылықтарға жол берілмейді. Демек, еңбек нарығында кәсіподақ ұйымдарының ролі айтарлықтай.