Жыл сайын білім саласының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген бастауыш кәсіподақ ұйымдарының мүшелеріне шипажайларда демалуға сертификаттар табысталады. Осы орайда жазғы демалыс кезінде қалалық білім мекемелерінің 150-ден астам кәсіподақ мүшесі денсаулықтарын нығайтуға мүмкіндік алып отыр. Жазғы демалысқа шыққан кәсіподақ мүшелері облыстық кәсіподақ ұйымының қолдауымен Қостанай қаласындағы «Сосновый бор» шипажайында демалуда.
Арақарағай орманымен астасқан «Сосновый бор» шипажайының ауасы ең алдымен жүрек-қан тамырлары ауруларына мың да бір ем. Мұны дәрігерлер «табиғи барокамера» деп атайды. Санаторий дәрігерлері жүрек-қан тамырлары ауруының созылмалы жүрек талмасы, гипертония, стенокардия сияқты кең тараған түрлерімен ауыратындарға, ұйқысы қашатындарға Арақарағай орманының фитонцидтерге қанық ауасында көбірек жүруге кеңес береді. Соңғы жылдары мұнда жүрегіне операция жасағандар ағзасын нығайту үшін де келеді екен.
Айта кетейік, өткен жылы 1600-ге жуық кәсіподақ мүшесі еліміздің емдеу-сауықтыру орындарында дем алып денсаулығын түзесе, биыл жыл басынан бері 2000-нан астам білім саласының қызметкерлері емдеу-сауықтыру шарасымен қамтылып отыр.