Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы Бағлан Қарашолақовтың төрағалығымен Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті. Отырыстың күн тәртібіне сәйкес облыстағы «Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету саласы қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалының және «Жамбыл электр желілері» ЖШС-нің кәсіподақ ұйымы жыл басынан бері атқарған жұмыстары туралы ақпараттары тыңдалды.
Сондай ақ, Жамбыл облыстық кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Бахтияр Қарауловтың аймақтағы кәсіподақ ұйымдарында жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымдарын құру, өндірістік жарақаттар, және ұжымдық шарттар жасасу туралы баяндамасы тыңдалды.
Баяндамада айтылған мәліметтер бойынша, үстіміздегі жылдың 1 шілдесіне жаңадан құрылған бастауыш кәсіподақ ұйымдарының саны 8 ұйымға артып, бастауыш ұйымдар саны 1420 құрап отыр. Осы ұйымдардағы мүшелер саны 555 адамға артып, қазіргі күнге 123873 адамды құрап отыр. Жамбыл облысы кәсіподақтар өкілдерімен Кәсіподақтар Федерациясының биылғы жылды «Лайықты еңбек жылы» деп жариялауына орай Тараз қаласының және аудандардағы өндірістік кәсіпорындар мен мекемелерде 10 кездесу өткізіп, кәсіподақтардың ұстанымын жеткізу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Жыл басынан бері облыс көлемінде 25 жазатайым оқиға орын алып, онда 28 адам зардап шеккен, оның 4-і қайтыс болды, 12 адам ауыр түрдегі жарақаттар алып, 10 қызметкер жеңіл жарақаттар алған. Бұл жерде 25 оқиғаның 3-і топтық жарақат және осы 25 оқиға 18 кәсіпорын мен мекемеде орын алған. Осы 18 кәсіпорынның 8 кәсіпорнында кәсіподақ ұйымдары бар.
Бүгінде Кәсіподақтар Федерациясы тарапынан ұжымдық шарттардың санын ғана емес, сапасын жақсарту, сол арқылы еңбеккерлердің әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғауды күшейтуге баса назар аударылуда. Бүгінгі күнге облыс көлемінде жұмыс істеп тұрған 12101 кәсіпорынның 11758 кәсіпорындарында ұжымдық шарт жасалған. Жарты жылдың қорытындысы бойынша ұжымдық шартпен қамтылу деңгейі 97,2% пайызды құрап отыр.
Күн тәртібінің келесі мәселесінде, ағымдағы жылдың 13 мамырында Худжанд қаласында (Тәжікстан) Орта азия елдерінің Кәсіподақтар Кеңесінің V отырысында қабылданған Қаулыға сәйкес осы Кеңеске мүше елдердің жұмыс берушілерінің арасында өткізілетін «Үздік әлеуметтік әріптес» байқауының өңірлік деңгейдегі үміткерлерді анықтау үшін Жамбыл облыстық кәсіподақтар орталығы жанындағы конкурстық комиссияның құрамы анықталып, бекітілді.
Жиын соңында Бағлан Қарашолақов үстіміздегі жылдың маусым айының 24 күні Астанада Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің басшылығымен ҚРКФ Бас кеңесінің отырысында қаралған мәселелерді айта келе, «Лайықты еңбек жылы» аясында, «Еңбек консультациялары», «Жалпыға бірдей құқықтық білім беру» акцияларын жалғастыруды, кәсіподақ мүшелерін құқықтық қорғауды, азаматтарға консультация беруді, кәсіподақтар мен жұмыскерлер арасындағы байланысты нығайтуды тапсырды. Сондай-ақ әр салалық кәсіподақ ұйымдарында атқарылып жатқан жұмыстарды БАҚ құралдар мен әлеуметтік желілерде тұрақты жариялап отыруға шақырды.