Қазақстан темір жолының 120 жылдық мерейтойын ел шығысындағы теміржолшылар қауымы өзгеше леппен атап өтті. Биылғы мерекелік шара жылдағы дәстүрден өзгеше сипатта ұйымдастырылды. Абай атындағы театрда өткен салтанатты шараға желі бойындағы сала қызметкерлері мол жиналып, олардың құрметіне концерттік бағдарлама қойылды.
Тағылымға толы көрініспен ашылған мерекелік шараның кіріспесінде бөлімше басшысы Алмас Сейсемқанов сөз алып, теміржолшылар қауымын құттықтап өтті.
“Бұл күн – пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етіп түзде жүретін жолшылар, машинистер, пойыз құрастырушылар, вагон қараушылар сынды тағы да көптеген мамандардың кәсіби мейрамы. Бұл күн – уақытпен санаспай еңбек етіп, тәуліктің кез келген мезгілінде жұмыс орнынан табылатын мамандық иелерінің лайықты бағасын алатын күн. Соның бір дәлелі – жылдағы дәстүрге сай биыл да кәсібилігімен танылған бір топ жерлестеріміз түрлі наградаларға ие болуда”, – деп атап өткен Алмас Ғылымұлы Семей теміржолының жетістіктеріне кеңінен тоқталып өтті. Сол тәрізді Семей магистральдық желі бөлімшесі басшысы Айдын Шәукежанов та осы кезеңге дейінгі атқарылған шаралар жайында сөз етіп, теміржолшылар қауымын кәсіби мерекемен құттықтады. Сол тәрізді жергілікті атқарушы билік өкілдері де лебіздерін жеткізіп, бірқатар сала қызметкерлерін облыс әкімінің алғыс хатымен марапаттады.
Аталмыш шара барысында желі бойында жетістікті еңбегімен танылып жүрген көптеген теміржолшылар құрметке кенелді. Мәселен, Семей станциясының бастығы, логистика саласының майталман маманы Болат Өтегенов «Құрметті теміржолшы» белгісіне ие болып, әріптестері алдында абыройы аспандады.
Мұнымен қатар, АСУ бөлімінің басшысы Лаура Әлібекова «Адал еңбегі үшін» төсбелгісін өңіріне тақты. Ал, логистика және тасымалды ұйымдастыру бөлімінің бастығы Елдар Құрманов «Үздік маман» атанды. Олардан өзге желі бойынан келген көптеген майталман мамандар марапатталды. Атап айтсақ, Шаған станциясының пойыз құрастырушысы Рахымбек Тілеубаев Ұлттық компания төрағасының Құрмет грамотасын иеленді.
Іс- шараны ұйымдастырушылардың бірі «Қазкөліккәсіп» ҚБ Семей өңірі бойынша өкілі Есен Қажығұлов та тілек білдіріп, кәсіподақ атынан көптеген еңбеккерлерді марапаттап өтті.
Салтанатты іс-шараға Абай облыстық кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Байқадиев Досжан қатысып, аумақтық кәсіподақ бірлестігінің мақтау грамоталарын үздік теміржолшыларға табыстады.
Осыдан соң теміржолшылар құрметіне арналып мерекелік концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Салтанатты шара соңында барша жиналған қауым естелік ретінде фотосуретке түсті.