Мақат ауданының Құрметті азаматы, мұнайшы Сатыбалды Атырауовтың құрметіне бильярдтан жарыс өтті. Сатыбалды Атырауов алғашқы еңбек жолын 1974 жылы «Макатнефть» МГӨБ-де жерасты ұңғымаларды зерттеу операторынан бастап, кейін аталған мұнай өндіру басқармасында қойнауқатқа су айдау машинисі, мұнай өндіру операторы болып еңбек етті.
Мәскеу қаласындағы Губкин атындағы мұнай-газ институтын бітіргеннен кейін, «Ембімұнай» ӨБ-де экономист, аға экономист, «Доссормұнайгаз» МГӨБ-де бас экономист, «Ембімұнай» ӨБ-де бас есепші, «Ембімұнайгаз» АҚ әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінде инженер, активтерді басқару қызметінің жетекшісі болды. Ал, 2015 – 2018 жылдар аралығында аудит және активтер департаментінің директоры лауазымын атқарды.
Зейнеткерлік демалысқа шыққаннан кейін де, абзал азамат мұнай-газ саласын дамыту, мұнайшыларды қолдау жұмыстарынан қол үзбей, ғұмырының соңына дейін «Мұнай-газ кешені ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі Атырау облыстық филиалы директорының орынбасары қызметінде болды.
Еске алуға арналған жиында әріптестері Малік Әбілхайыров, Асан Ибраимов, Тарғын Қосанов, Исатай Гайсин, Ануар Джакиев және ағасы Қабыл Атырауовтар сөз сөйлеп, марқұмның рухына арнайы құран бағышталды. Облыстық ардагерлер ұйымынан отбасына арнайы марапат табысталды.
Марқұм Сатыбалды Атырауовты еске алуға арналған бильярд жарысына бұрынғы әріптестері мен достары қатысты. Жарыс қорытындысымен бірінші орынды – Балабай Жүгінісов, екінші орынды – Ерғазы Жұмағұл (Астана), ал жүлделі үшінші орынды Ануарбек Джакиев (Алматы) және Мұстахим Беркалиев өзара бөлісті.
Жарыс жеңімпаздары арнайы дипломмен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.