Қарағанды облысының кәсіподақтар орталығының Татуласу орталығына келген әйел жұбайының зейнетақы төлемдеріне қатысты түйінді мәселенің шешімін табу үшін көмек сұрай келді.
Бір кәсіпорында 20 жылдан астам жұмыс істеген қызметкер зейнетке шығу кезінде күтпеген қиындықтарға тап болды. Жұмыс беруші ұзақ жылдар бойы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жалақыға сәйкес келмейтін сомаларды аударғаны анықталды, бұл зейнеткерлікке шыққан кезде айтарлықтай зиянын тигізген.
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, әрбір жұмыс беруші жұмыскердің жалақысының белгілі бір пайызын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударуға міндетті. Бұл жағдайда жұмыс беруші қасақана немесе білместіктен аударымдардың сомасын төмендетіп аударған.
Зейнетақы төлемдеріне қатысты құқықтарды бұзу еңбек заңнамасы мен әлеуметтік әділеттілікке байланысты өрескел бұзушылық болып табылады.
Әйел әділдікті қалпына келтіру және күйеуінің нақты жалақысына қарай зейнетақы төлемдерін қайта есептеу үшін кеңес пен көмек сұрап кәсіподаққа жүгінген.
Қызметкер жұмыс істеген мекемеде кәсіподақ ұйымы жоқ. Орталықтың тәжірибелі заңгерлері мәселеге қатысты жан-жақты құқықтық кеңес беріп, тиісті іс-қимыл тәртібін түсіндірді.
Бұл жағдай әрбір қызметкердің өз құқықтарына мұқият болып, зейнетақы аударымдарын есептеу мен аударудың дұрыстығына назар аудару қажет екендігін көрсетеді.
Кәсіподақ заңгерлері заңды зейнетақы төлемдерін қалпына келтіру мақсатында қызметкерге тиісті қолдау көрсететін болады.