Кәсіподақтар «Мектепке жол» акциясына белсенді қатысуда

Құрылыс кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметкерлерінің салалық кәсіподағы «Астана» қалалық филиалының мүшелік ұйымдары «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық науқанында белсенділік танытуда. Бүгін акция барысында «Астана Тазалық» ЖШС-нің жергілікті кәсіподақ ұйымы кәсіпорын басшылығымен бірлесіп, 40 отбасының бірінші сыныпқа баратын балаларына мектеп керек-жарақтары бар сөмке табыс етті.

«Біз мектеп табалдырығын алғаш аттайтын бүлдіршіндердің жақсы көңіл-күймен барып, қажетті құралдарымен қамтылғанын қалаймыз. Бұл жай ғана көмек емес, бұл біздің балаларымыздың болашағына қамқорлық көрсетіп, білімді азамат болуына қолдау көрсетуге дайын екенімізді көрсету мүмкіндігі», – дейді «Астана Тазалық» ЖШС жергілікті кәсіподақ ұйымының төрайымы Бақыт Әлімжанова.

Кәсіпорын жұмыскерлері кәсіподақтың көрсеткен қолдауы үшін алғыстарын білдіріп, мұндай көмек оқу жылы қарсаңында отбасының қаржы мәселесін едәуір жеңілдеткенін атап өтті.

Бұдан басқа жергілікті кәсіподақ ұйымы тарапынан бірнеше көп балалы отбасыларға 20 мың теңгеден қаржылай көмек берілетін болады.

Сонымен қатар, Құрылыс кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметкерлерінің салалық кәсіподағы «Астана» қалалық филиалының мүшелік ұйымдары: «Астана су арнасы» кәсіпорнының бастауыш кәсіподақ ұйымы бірінші сыныпқа баратын 124 балаға 10 мың теңге және көп балалы отбасылардан шыққан мектеп жасындағы 343 балаға 5 мың теңгеден материалдық көмек көрсетті. «Elorda Eco System» МКК жергілікті кәсіподақ ұйымы 28 балаға оқу құрал-жабдықтарын сыйлады. Және «Астана-Теплотранзит» АҚ жергілікті кәсіподақ ұйымы аз қамтылған және көп балалы отбасылардың балаларына қаржылай қолдау берді.

Кәсіподақтардың қайырымдылық акциясына қатысуы әлеуметтік жауапкершілік пен ынтымақтастықтың маңыздылығын көрсетеді.