Түркістан облысының «Ақсу демі» шипажайында «ProRest Teacher» тақырыбында жас ұстаздарға арналған кәсіби демалыс жазғы лагері ұйымдастырылды. Жас кәсіподақ көшбасшыларын анықтауға, кәсіподақ қозғалысында жастар саясатын дамытып, көшбасшылар мен белсенділерді тартуға бағытталған оң бастама Қызылорда облыстық білім және ғылым қызметкерлері салалық кәсіподағының ұйымдастыруымен өткізілді.
Жазғы лагерге Сырдария ауданынан да жас ұстаздар қатысты. Іс-шараға Орталық комитеттің Ұйымдастыру жұмыстары бөлімінің мамандары Индира Сақауова мен Асан Бітімбай қатысып, жас ұстаздарға салалық кәсіподақ жанынан құрылған Жастар ісі жөніндегі кеңестің қызметі туралы ақпарат беріп, тәжірибелерімен бөлісті.
Сондай-ақ Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Рекрутинг және мансап басқармасының бас маманы Асқат Мырзабай «ChatGPT – жасанды интеллект» тақырыбында дәріс оқып, жас ұстаздарды жаңашыл болуға шақырды. Өз кезегінде «Сенімен Болашақ» РҚБ Қызылорда облыстық филиалының басшысы Шәкизат Қаратайұлы «Ұлағатты отбасы – ұлт құндылығы» тақырыбында кездесу өткізіп, ұлттық және отбасылық құндылықтарды қалыптастыруда мұғалімдерге жүктелетін міндет туралы айтты. Ал облыстық психологиялық қолдау орталығының басшысы Жұмагүл Баянова «Балада дұрыс репродуктивті денсаулықты қалыптастыру» тақырыбында тренингтер өткізді.
Жазғы лагерьде ұйымдастырылған іс-шаралар барысында Сырдария ауданы «Үздік таныстыру» номинациясын жеңіп алды. Сонымен қатар Төлеген Піржан «Шебер ұстаз», Гүлзат Аманкелдиева «Жаңашыл ұстаз» номинацияларын иеленіп, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Осылайша жалындаған жас ұстаздар ауданның мерейін көтеріп, абырой биігінен көріне білді.
Жас кәсіподақ көшбасшыларын анықтау арқылы оларды ынталандыру, қоғамдық жұмыстарға қатысуына қолдау көрсету – біздің басты мақсатымыз. Кәсіподақ қозғалысында жастар саясатын дамыту жұмыстары ауданымызда тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Көшбасшылар мен белсенділерді тартуға бағытталған оң бастамаға аудан мектептеріндегі жас педагогтар белсене қатысуда. Облыстық салалық кәсіподағының ұйымдастыруымен өткізілген жазғы лагерде жинақтаған тәжірибесін жас ұстаздар қызмет барысында қолданады деп сенеміз. Аудан мерейін асқақтатып, жақсы қырынан танылған ұстаздарға шығармашылық сәттіліктер тілейміз, – деп Сырдария аудандық мәслихат депутаты, аудандық білім қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Алмас Есназар.