Ел Президентінің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауы қазіргі заманғы сын-қатерлер мен перспективаларды жан-жақты талдауға негізделген мемлекетімізді дамытудың терең ойластырылған стратегиясы болып табылады.
Екі миллион жұмысшының мүддесін білдіре отырып, Кәсіподақтар Федерациясы Әділетті Қазақстанның әрбір азаматы өзінің әлеуетін іске асыра алатын, әлеуметтік әділеттілік, экономикалық әл-ауқат және саяси тұрақтылық қағидаттарына негізделген лайықты жағдайларда өмір сүріп, еңбек ете алу туралы идеяларын қуаттайды.
Еліміздегі ең ірі бұқаралық қоғамдық ұйым ретінде ҚР Кәсіподақтар Федерациясы үшін маңызды аспект – Президент жариялаған жұмысшы кәсіптер мен мамандардың беделін арттыру курсын қолдау.
2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялау – Еңбек адамы ел игілігінің негізі екенін көрсететін маңызды қадам. Ал Еңбек адамына шынайы қолдау көрсету оның еселі еңбегін құрметтеуден, мойындаудан басталады! Осы тұрғыда Кәсіподақтар федерациясы ел басшылығының еңбек пен кәсіпқойлықтың биік мұратын белсенді түрде ілгерілетудегі қолдауын көргеніне қуанышты және осы бастаманы жүзеге асыруға атсалысуға дайын екенін білдіреді!
Жұмысшы кәсіптерінің беделін арттыру жұмысшылардың моральдық рухын нығайту үшін ғана емес, жастардың техникалық және кәсіптік мамандықтарға деген қызығушылығын арттырып, осы мамандықтарға тарту үшін де қажет. Жұмысшы мамандықтарын беделді және болашағы зор деп қабылдайтындай жағдайлар жасау маңызды.
Мемлекет басшысы жариялаған кәсіптік-техникалық білім беруді реформалау шаралары Қазақстанның болашағына деген стратегиялық инвестиция болып табылады. Білікті кадрларды даярлаумен қатар, барлық кәсіптегі жұмысшыларға лайықты еңбек жағдайлары мен әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету маңызды. Бұл олардың ынтасын күшейтіп, Еңбек адамының еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосатын үлесін арттырады.
Реформа заман талабына сай келетін және жоғары білікті мамандар даярлауды қамтамасыз ететін заманауи кәсіптік білім беру жүйесін құруға бағытталуы тиіс.
Мемлекет басшысының «әлеуметтік әмиян» механизмін енгізу арқылы әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру жөніндегі бастамасы әлеуметтік тұрақтылықтың басты факторы болып табылады. Бұл қадам бюджет қаражатының мақсатты және тиімді жұмсалуын қамтамасыз ете отырып, мемлекеттік көмекті шынымен мұқтаж азаматтарға бағыттауға мүмкіндік береді. «Әлеуметтік әмиян» қаражатының мұқтаж жандардың игілігіне тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету үшін оның пайдаланылуына ашықтық пен бақылауды қамтамасыз ету маңызды.
Кәсіподақтар федерациясы экологиялық жағдайды жақсарту және қоршаған ортаға ұқыпты қарау көзқарасын тәрбиелеу міндеттерінің маңыздылығын мойындайды. Климаттың өзгеруіне байланысты проблемалар тек ұлттық деңгейдегі ғана емес, сонымен бірге жаһандық күш-жігерді қажет етеді. Бүгінгі таңда Кәсіподақтар федерациясы халықаралық кәсіподақ қозғалысымен бірлесіп, проблемаларды зерделеуге және климаттың өзгеруі жағдайындағы іс-қимыл алгоритмін әзірлеу жөніндегі жұмысқа, оның ішінде жаңартылатын энергия көздеріне әділетті көшуді қолдау арқылы белсенді түрде қатысуда. Бұл халықтың денсаулығы мен әл-ауқатын арттыру үшін жағдай жасау және ең бастысы болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік.
Парниктік газдар шығарындыларын азайтуға, жаңартылатын энергия көздерін дамытуға және биоәртүрлілікті сақтауға бағытталған саясатты жүргізу маңызды. Қазақстанды энергиямен қамтамасыз ету көздерін әртараптандыру жолындағы маңызды қадам Қазақстанда атом электр станциясын салу болып табылады. Айта кетсек, мұндай жауапты шешімді ел Президенті 2024 жылдың 6 қазанында жариялаған жалпыхалықтық референдумда тек халықтың өзі қабылдайды.
Мемлекет пен қоғамның бірлескен күш-жігері арқылы Президент Жолдауында айтылған басымдықтарды жүйелі түрде жүзеге асыру тұрақты әлеуметтік-экономикалық прогреске қол жеткізуге және халықтың әл-ауқатын нақты арттыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретініне сенімдіміз.