АЭС құрылысы – Қазақстанның табысты дамуының кепілі

Абай облысының кәсіподақтар орталығы  атом электр станциясының құрылысына арналған дөңгелек үстел өткізді

Ағымдағы жылдың 18 қыркүйегінде Кәсіподақтар үйінде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының құрамына кіретін «Абай облыстық кәсіподақ орталығы» аумақтық кәсіподақ бірлестігінің ұйымдастыруымен «Атом электр стансаларының құрылысы – Қазақстанның ұзақ жылдардағы табысты дамуының кепілі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Федерацияның Атқару комитеті еліміздегі атом электр станцияларының құрылысын қызу қолдап, кәсіподақтардың міндеті – бұл үндеуді барлық еңбек ұжымдарына жеткізу деп шешті. Осыған орай дөңгелек үстел ұйымдастырылды.


Дөңгелек үстелге салалық  кәсіподақ ұйымдарының филиал төрағалары мен олардың кәсіподақ белсенділері, Шәкәрім атындағы университеттің Техникалық физика және жылуэнергетика кафедрасының ғалымдары, «Аманат» партиясының, Қазақстан халық партиясының, «Байтақ», «Республика» партияларының өкілдері, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері, облыстық қоғамдық кеңес мүшелері, «Келешек» жастар кеңесі, АКБ жанындағы жұмысшы әйелдер жөніндегі комиссия және «Әйелдер күші альянсы» өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстелді Абай облыстық кәсіподақ орталығының төрағасы Зәуреш Исабаева жүргізді. Отырысты аша отырып, ол: «Мемлекет басшысы өз Жолдауында Қазақстандағы атом электр станцияларын салуға байланысты еліміздің келешектегі дамуы туралы айтып, ағымдағы жылдың 6 қазанында өтетін бүкілхалықтық референдумды өткізу туралы тиісті Жарлыққа қол қойды. Республикада Халықтық штаб құрылды. Штабтың негізгі міндеті – атом электр станцияларының құрылысы бойынша халық арасында кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Құрамында жүзге жуық адам кіретін Абай облысында да осындай штаб құрылып, атом электр станциясының құрылысына қатысты мәселелерді түсіндіру жұмыстарын бастады. Қазақстан әлемдегі ең ірі уран өндіруші мемлекет ретінде өзінің атом электр қуатын өндіру керек » деп айтып өтті.

Дөңгелек үстел барысында Шәкәрім атындағы университеттің «Техникалық физика және жылу энергетикасы» кафедрасының ғалымдары Қазақстан үшін көптеген перспективаларға жол ашатын атом электр станциясын салудың маңыздылығын, ең алдымен, барлық заманауи экологиялық үрдістерді ескере отырып, ауаға шығарындыларды азайту арқылы  энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ететінін жан-жақты түсіндірді. Ғалымдар атом электр станциясын салу жобасын сәтті жүзеге асыру үшін инфрақұрылымды және адами ресурстарды дамыту жөніндегі өз көзқарастарымен бөлісті.  Қазақстанда атом электр стансасының құрылысын қолдап, облыстық «Аманат» партиясының жауапты хатшысы Әбдікәрімов Нұржан, профессор, облыстық ардагерлер Кеңесінің мүшелері Макашев Асқар Қайырұлы және Досымжанов Қадыр Досымжанұлы, профессор, облыстық қоғамдық Кеңес мүшесі Асхат Әнуарбекұлы Дүйсембаев, «Келешек» жастар Кеңесінің төрағасы Өрлеубек Ерсінбек, АКБ жанындағы әйелдер істері  бойынша комиссия төрағасы Замира Дайырбаева және басқа да дөңгелек үстел қатысушылары сөз сөйлеп, Қазақстанда атом электр станциясының құрылысын қолдады.

Дөңгелек үстел қатысушылар арасында ашық диалог форматында өтті. Дөңгелек үстелге қатысушылар елімізде атом электр станциясының салынуын қолдайтындарын айтты.

Кездесу соңында модератор энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін , планетаның климатын қорғау мақсаттарына қол жеткізу үшін де атом энергетикасының маңыздылығын қорытындылады және кәсіподақ жетекшілерін еңбек ұжымдарында түсіндіру жұмыстарын белсендірек жүргізуге шақырды.