18 қыркүйекте ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Алматының кәсіподақ активімен кездесті. Кездесу барысында ол Кәсіподақтар федерациясының проблемалық мәселелерді шешу жөніндегі қызметіне тоқталып, қойылған міндеттер туралы баяндады.
Кәсіподақ ұйымдары өз қызметінде әлеуметтік әріптестік, әлеуметтік диалог арқылы шешілетін әділеттілік қағидаттарын негізге алатыны аталып өтілді. «Міндеттердің бірі – үшжақты комиссиялардың өкілеттіктері мен жауапкершілігін арттыру, комиссиялардың шешімдері ұсынымдық сипатта емес, әлеуметтік әріптестіктің барлық тараптары үшін міндетті болуы қажет. Кәсіподақтар әлеуметтік әріптестіктің тең құқылы, паритеттік тарапы болып табылады, осыған байланысты ҚР «Әлеуметтік әріптестік туралы» заңы қабылдануы қажет.
«Екінші үлкен мәселе – еңбеккерлерге лайықты жалақы төлеу. Елімізде еңбекке ақы төлеу жүйесін құрылымдау жауапкершілігі жұмыс берушіге жүктеледі. Қазіргі таңда ҚРКФ еңбекақы төлеу жүйесін қалыптастыру және бекіту мәселелерінің кәсіподақтармен келісілуін қамтамасыз ету үшін күресуде. Ол үшін біз бәсекеге қабілетті болуымыз керек, күнделікті үйреніп, біліктілігімізді үнемі арттыруымыз керек. Ұзақ уақыт бойы ҚРКФ ХЕҰ-ның №131 «Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төменгі жалақыны бекіту туралы» конвенциясын ратификациялауға ықпал етіп келді, нәтижесінде бүгінгі күні ХЕҰ-ның осы Конвенциясын ратификациялау туралы заң жобасы жарияланып, ұсынылды және НҚА-да талқылауға шығарылды», – деді Төраға өз сөзінде.
Сонымен қатар, Халықаралық Еңбек Ұйымының (ХЕҰ) Бас директорының Қазақстанға келуі – тарихи оқиға болды. Әлемде 186-дан астам ел ХЕҰ-ға мүше болып табылады, Қазақстан 1993 жылы ХЕҰ-ға кірді. Осы уақыттан бері біздің елге ХЕҰ бас директоры алғаш рет келді. Мұндай мәртебелі мейманның елімізге сапарын Қазақстан мен ХЕҰ арасындағы ынтымақтастықты нығайту перспективаларын талқылаудың негізгі алаңына айналған Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясына барудан бастауы Қазақстан тарихында тұңғыш рет орын алды. Жильбер Унгбо Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин бастаған Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының көп қырлы және нәтижелі қызметін жоғары бағалады және кәсіподақтардың халықаралық еңбек стандарттарын ілгерілету және әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын іске асыру жөніндегі күш-жігерінің маңыздылығын атап өтті.
Кездесудің келесі бөлігі қауіпсіз еңбекке арналды. Қазақстанда 2030 жылға дейін қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы бекітілді. Тұжырымдама Қазақстанда қызметкерлердің қауіпсіз еңбек жағдайларына құқықтарын іске асыруды қамтамасыз ететін, еңбекті қорғауды басқарудың тәуекелге бағдарланған ұлттық жүйесін дамытуға және ел экономикасына тартылған Еңбек ресурстарын үнемдеуге бағытталған. «Кәсіподақтар өндірістік кеңестердің жұмысына атсалысу, қоғамдық бақылауды жүзеге асыру арқылы кәсіпорындардағы еңбекті қорғау жағдайына әсер етуі тиіс», – деп атап көрсетті С.Т. Дәулеталин.
Әрі қарай ол жұмыс берушілер мен кәсіподақтар кездесіп, туындаған мәселелерді шешу үшін бірге талқылайтын, ақылдасатын, кеңес алатын жапондық «Еңбек консультациялары» әдісін тәжірибеге енгізу қажеттілігін атап өтті. Бұл әдіс қарсыласуға, текетіреске бағытталмаған. Сондай-ақ, еліміздің кәсіподақ көшбасшысы, жұмыскерлерге берілетін жеңілдіктер мен қолдау шаралары жұмыс берушінің тарапынан қорғалатын ұжымдық шарттар, яғни кәсіпорынның шағын Конституциясын жасасу кезінде де кәсіподақ активі көптеген игілікті істер жасап келе жатқанын атап өтті.
Кездесу соңында Сатыбалды Телағысұлы Алматы қаласының кәсіподақ активіне кәсіподақ қозғалысының қағидаттарын іске асырудағы күнделікті тиянақты жұмыстары үшін алғысын білдірді. «Кәсіподақ жетекшілері, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары, мен әрдайым сіздерді мақтан тұтамын, сіздерге зор құрмет көрсетемін. Сіздер алдыңғы қатардасыздар, жұмысшылардың мәселелерін іштен білесіздер және оларды жергілікті жерде дереу шешесіздер. Алдағы уақытта да еңбекші халықтың мүдделерін қорғап, ілгерілете отырып, адамдардың игілігі үшін алға ұмтылуларыңызға тілектеспін», – деді ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.
ҚРКФ Төрағасының Алматыға сапары Халық штабы құрамында қоғамның түрлі салаларының өкілдерімен, академиялық қауымдастықпен және еңбек ұжымдарымен бірқатар кездесулер өткізумен жалғасты.
Сапарға қатысушылар құрамына: ҚР Парламенті Сенатының депутаты Жанна Асанова, «Байтақ» партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев, ядролық физика институтының ядролық қауіпсіздік жөніндегі Оқу орталығының бастығы Наталья Измайлова, ҚРКФ төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев, қалалық мәслихат депутаттары, сарапшылар және жұртшылықтың басқа да өкілдері кірді.
Бірінші кездесу Алматы қаласының кәсіподақ ұйымдарының жетекшілерімен өтті, онда халық штабының мүшелері АЭС құрылысының жаңа жұмыс орындарын құруға және қаланы дамытуға әсерін талқылады.
Келесі кездесу Қ. И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің профессорлық-оқытушылар құрамымен пікірталас болды. Бұл кездесуде штаб мүшелері атом энергетикасы саласындағы соңғы жетістіктер туралы айтып, университеттер өз кезегінде энергетика саласында қажетті білім мен мамандарды даярлаудың жоғары деңгейін қамтамасыз ете отырып, болашақ кадрларды даярлауда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Алматының көптеген аудандарын жылумен қамтамасыз ететін қаланың негізгі жылу-энергетикалық тораптарының бірі – ЖЭС-2 ұжымымен кездесуге ерекше назар аударылды. Халықтық штаб өкілдері электр энергиясын тұтынудың өсуі және энергетикалық инфрақұрылымның тозуы жағдайында тұрақты энергиямен қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталды. Ол үшін жылу электр станцияларына түсетін жүктемені азайтып, өңірдің жалпы энергетикалық қауіпсіздігін арттыруға қол жеткізу қажеттігі айтылды.
Қорытынды кездесу Hyundai Trans Kazakhstan компаниясының еңбек ұжымымен өтті. Талқылау барысында штаб өкілдері өңірдегі өнеркәсіптік кәсіпорындар үшін тұрақты энергиямен жабдықтауды қамтамасыз етудің және бизнесті тұрақты дамытудың маңыздылығын атап өтті. Отандық машина жасауды дамыту және жұмысшылардың еңбек жағдайларын жақсарту үшін өндірістік процестерді тұрақты және арзан электр энергиясымен қамтамасыз ету аса маңызды.
Бұл кездесулер Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз ете алатын және елдің, әсіресе Алматы сияқты ірі қалаларда өнеркәсіптің дамуын қолдай алатын АЭС салу жөніндегі алда болатын референдумның маңыздылығын түсіндірудегі маңызды қадам болды.